
Ғылым және жоғары білім министрлігі абитуриенттерге арнап, «Жаңа мамандықтар атласын» енгізді. Аталмыш құрал арқылы жастар елдегі жаңа мамандықтар туралы толық ақпарат біле алады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
Мамандық таңдауда жаңылатын жастар көп
Министр жастар көбінде мамандық таңдауда жаңылысып жататынын айтады. Өйткені балалар мен ата-аналардың баста мақсаты – грантқа түсу болады.
«Жастардың негізгі мақсаты – грантқа іліну. Көп жағдайда олардың ата-аналары да бұған әсер етеді. Мамандық таңдау емес, болашақты да ойлау да емес, тек грантқа ілініп кету. Бірнеше жылдан бері бұл жағдай қайталана береді. Біз бұны қабылдау комиссиясының феномені деп атадық», – дейді министр.
Министрдің айтуынша, қабылдау комиссиясы да баланы жаңылыстыруы мүмкін. Қабылдау комиссиясы талапкердің мақсатын басқа арнаға бұрып жіберуі мүкмін. Себебі жас түлектер оқуға тапсыруға келгенде көп жағдайда қыбалдау комиссиясында отырған адамның пікіріне құлақ асады.
Бұлай адаспау үшін министр талапкерлерге негізгі 3 шартты орындауды ұсынды.
Бірінші кезекте, абитуриент Ұлттық тестілеу орталығының сайтында арнайы ашылған Еdunavigator.kz қосымшасы арқылы тегін тестілеуден өтіп, өзінің қабілеті мен дағдыларын саралап көруі керек.
Сонымен бірге «Жаңа мамандықтар атласынан» түрлі салалардағы жаңа мамандықтар туралы толыққанды ақпарат алуға болады. Бұл құралды Еnbek.kz сайтынан табуға болады.
Еске сала кетсек, министрлік жақында шығармашылық емтихан қай күндері өтетінін хабарлаған еді.
.