Жаңалықтар

Трамп Иран АҚШ-тың әскери базаларына шабуылдаса, қатаң жауап берілетінін айтты

Трамп Иранға
Трамп Иранға ескерту жасады / Фото: shutterstock

Дональд Трамп Иранға ескерту жасады. Егер Тегеран АҚШ-тың әскери базаларына шабуыл жасаса, америкалық әскерилер бұрын-соңды болмаған қуатын қолданып, жауап қайтаратынын айтты.

Иран өзіне Израиль тарапынан жасалған шабуылға АҚШ жауапты деп санайды. Тегеран Израильді АҚШ мақұлдауымен әскери операциялар жүргізді деп айыптайды. Жақында Иран басылымдары Тегеранның жауап ретінде АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базаларына шабуыл жасауы мүмкін екенін жазды.

Трамп бұл ақпаратқа өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жауап берген.

«Егер Иран қандай да бір жолмен бізге шабуыл жасайтын болса, АҚШ Қарулы Күштерінің толық қуаты бұрын-соңды болмаған ауқымда сізге қарсы қолданылатын болады. АҚШ-тың Иранға жасалған шабуылға ешқандай қатысы жоқ. Алайда біз Иран мен Израиль арасында оңай келісім орнатып, осы қанды қақтығысты тоқтата аламыз», — деп мәлімдеді ол.

Еске сала кетсек, Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс 13 маусым күні басталды. Израиль Иранға әуеден шаубыл жасады. Сол күннен бері тараптар бір-біріне зымыран жіберіп, жаппай атқылап жатыр. Екі елде де бейбіт тұрғындар арасында құрбандар бар.