Жаңалықтар

Вокзалға бомба қойылған деп хабарласқан алматылық 4 жылға сотталды

Алматы вокзалында бомба бар деген ер адам сотталды/фото: shutterstock

Алматы вокзалында жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабар берген азамат 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы хабарлады.

Ресми ақпаратқа сәйкес, колонияда жазасын өтеп жатқан 44 жастағы тұрғын теміржол вокзалдарында жарылғыш зат қойылғаны туралы бірнеше рет жалған хабар берген. Ол 4 рет таксофон арқылы қоңырау шалған.

Тұрғынның қоңырауынан кейін эвакуация мен төтенше қызмет жұмылдырылылған. Жалған дабыл салдарынан мемлекеттік органдарға 3,3 млн теңгеден астам шығын келген.

Жүргізілген сараптамалар қоңырау шалған адамның жеке басын және оның сөздерінде тікелей қауіптің болғанын растады.

Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша кінәлі деп таныды. Сотталушы мемлекетке келтірілген шығынды өтеуге және өтемақы төлеуге міндетті.