
Жыл соңына дейін Freedom SuperApp қосымшасында криптоактив сату және сатып алу мүмкіндігі енгізіледі. Бұл туралы Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушысы және мажоритарлық акционері Тимур Турлов Freedom Broker Kazakhstan ютуб-арнасында өткен трансляция барысында айтты. Ол корпорацияның жылдық қызметі туралы есебін ұсынды.
Трансляция барысында «Freedom Finance» криптобиржалармен әріптестік орната ма деген сұраққа жауап берген Турлов компанияның Binance Kazakhstan криптобиржасымен келісімге келгенін жеткізді. Бұл биржа Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген. Серіктестік аясында дәстүрлі валюталарды криптоактивтерге және кері айырбастауға мүмкіндік беретін фиаттық шлюз – арнайы сервис құрылған.
«Freedom Finance Global криптовалютамен мәмілелер жасау қызметін көрсетуге АХҚО лицензиясын алды, сондықтан біздің SuperApp қосымшамызда да жақын арада криптоактивтерді сатып алу немесе сату мүмкіндігі пайда болады деп үміттенемін», – деді Турлов.
2025 қаржы жылының (2024 жылғы сәуірден 2025 жылғы наурыздың соңына дейінгі кезең) қорытындысы бойынша Freedom Holding Corp. компаниясының кірісі 2,1 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23%-ға артық.
Холдингтің таза пайдасы 84,5 млн долларға тең. Компания активтері 8,3 млрд доллардан 9,9 млрд долларға дейін өсті, бұл жылдық өсім бойынша 19%-ды құрайды.
Холдингтің комиссиялық табысы да артып, 440,3 млн доллардан 505 млн долларға жетті (+15%). Бұл көрсеткіштің өсуі бөлшек клиенттер саны мен олардың белсенділігінің тұрақты артуымен түсіндіріледі.
2025 жылдың мамырында Freedom Finance компаниясы нарықтық капитализациясы бойынша «Қазатомөнеркәсіпті» басып озды. Компанияның нарықтық құны 10 млрд долларға жетті. Акция бағасының өсуіне байланысты Тимур Турловтың жеке байлығы 7,2 млрд долларға дейін өсіп, ол Kaspi.kz компаниясының серіктесі Вячеслав Кимді басып озып, ең бай қазақстандық атанды.