
2025 жылдың І тоқсанында елімізде автонесие нарығы айтарлықтай жанданды. Қазақстан халқы әрбір екінші көлікті несиеге алып жатыр. Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылар оған банктер мен автодилердің бірлескен бағдарламалары әсер еткенін айтады.
Автонесие көлемі 483 млрд теңгеге жетті
Қаңтар-наурыз аралығында 213 мың автонесие рәсімделіп, жалпы сомасы 483 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда:
- саны жағынан — 36%-ға,
- қаржы көлемі бойынша — 22%-ға көп.
Нәтижесінде автонесиенің бөлшек несиедегі үлесі 12,7%-ға дейін артты. Сарапшылар мұндай өсімді автосалондардағы науқандар, арнайы жеңілдік беретін бағдарламалармен және несиені онлайн рәсімдеу мүмкіндігінің жеңілдеуімен байланыстырады.
Арзан көліктерге сұраныс артқан
Қазақстандықтар орташа алғанда 6,4 млн теңгеге автокредит алады. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға жоғары. Бұл ретте көлік бағалары да біршама өскен: жылдық өсім — 4%.
Несие алушылардың басым бөлігі 3–10 млн теңге аралығындағы көлікті таңдаған. Былтыр бұл көрсеткіш 66,4% болса, биыл 75,2%-ға дейін жеткен. Бұл халықтың негізінен қолжетімді көліктерге бетбұра бастағанын білдіреді.
Несие рәсімдеу жеңілдегенімен мақұлдау қиындады
Автонесие бойынша орташа пайыздық мөлшерлеме 14,8%-ды құрады. Бұл базалық мөлшерлемеден де, басқа тұтынушылық несиелердің орташа деңгейінен де төмен.
Алайда банктер бүкіл өтінішті мақұлдай бермейді. Автонесие алғысы келгендердің тек 15,7%-ы ғана мақұлданған. Бұл — банктердің несие беру кезінде тәуекелдерге сақтықпен қарай бастағанын көрсетеді.
Қарыз қайтару көрсеткіші жоғары
Автонесие бойынша төлем мерзімі 90 күннен асқан қарыздардың үлесі 3,2%-ды ғана құрайды. Бұл — несиелеу нарығындағы орташа деңгейден әлдеқайда төмен. Сарапшылар мұны автонесиенің мүлікпен қамтамасыз етілетіні және көлікті табыс көзі ретінде пайдаланатындардың көбеюімен байланыстырады.
Жыл басынан бері елімізде 32,3 мың көлік өндірілген. Бұл өткен тоқсанмен салыстырғанда айтарлықтай аз. Тиісінше, тіркелген көліктер арасындағы отандық өнім үлесі 10%-дан 8%-ға дейін төмендеген.
«Қазақстанның Автокөлік Одағының» (ҚАО) мәліметінше, мамырда Hyundai мен Chevrolet көлігінің саудасы қыза түскен.