Жаңалықтар

Алматы әкімі құрылыс кезінде инфрақұрылымды ескермеген жобаларды сынады

Дархан Сатыбалды құрылысқа рұқсат берілген кезде инфрақұрылымға түсетін жүктемені ескермеген жобаларды сынады / Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды құрылысқа рұқсат берілген кезде инфрақұрылымға түсетін жүктемені ескермеген жобаларды сынға алды. Әкім Алмалы ауданын аралап, аймақтағы проблемалармен танысқан.

Әкім ескі тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасының іске асырылу барысын көріп шыққан. Қала басшысы бағдарлама шеңберінде Жамбыл, Шәріпов, Шевченко және Досмұхамедов көшелеріндегі ескі үйлердің орнына салынған жаңа үйлерді салу кезінде инфраққұрылымға түсетін жүктеменің еш ескерілмегенін айтқан.

78 отбасы тұрған жерге 600 отбасы қоныстанған

Сүрілген ескі үй / Фото: Алматы

Мәселен, аталмыш көшелердегі 15 ескі үйден 78 отбасы қоныс аударған. Бұл үйлер сүріліп, орнынан жеті көпқабатты тұрғын үй салынған. Бұдан бөлек тағы бір үй бой көтеріп жатыр. Нәтижесінде бұл аумақтағы халық саны айтарлықтай көбейіп, 78 отбасының орнынан 600 отбасы келген.

Бұл жағдай қолданыстағы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға айтарлықтай салмақ түсірген.

Әкім инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандарға түсетін жүктемені есептеп, қажет болған жағдайда қосымша шаралар қабылдауды тапсырған.

«Құрылысқа рұқсат беру кезінде инженерлік желілер мен жол инфрақұрылымына түсетін жүктемені алдын ала бағалауымыз қажет. Тұрғындар санының өсуі инфрақұрылымға да тікелей әсер етеді. Сондықтан әлеуметтік нысандардың құрылысын да алдыңғы орынға қоюымыз керек», – деген Сатыбалды.