
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының 2025 жылғы жеңімпаздары белгілі болды. Бұл туралы KursivMedia басылымына өз дереккөзіміз хабарлады.
Жеңімпаздар тізімінде KursivMedia қызметкері де бар. Гауһар Әлдібекова – «Kursiv.media.kz» платформасындағы донорлық туралы деректі фильмі үшін 2025 жылғы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанған.
Фильмде скутер апатынан қаза тапқан 18 жастағы Максим Войнюштың отбасы туралы баяндалған. Жас жігіттің туыстары донорлыққа келісіп, төрт адамның өмірін сақтап қалған.
Гауһар Әлдібекова фильм идеясы Қазақстандағы, әсіресе, қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесіне назар аудару ниетінен туындағанын айтты.
«Біз бұл саланың діни, психикалық факторларға және денсаулық сақтау жүйесіне сенімсіздікке байланысты дамымай отырғанын түсіндік», – дейді автор.
Айта кетсек, 2025 жылғы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаттары мен «Құрметті журналист», «Алтын медаль» атақтары бойынша жеңімпаздар анықталған. Сонымен бірге конкурс бойынша Әбділда Мұқашев атындағы, фотожурналист Рахымбай Ханалы атындағы, Олжас Сүлейменов атындағы халықаралық публицистика сыйлығы сынды арнайы премиялар берілген.