
Сыртқы істер министрлігі Израильден 66 (Мысыр аумағы арқылы), Ираннан 78 азаматты (Армения арқылы – 73, Әзербайжан – 2, Түрікменстан – 3) елге алып келді.
Министрліктің мәліметінше, Иран және Израильдегі қазақстандық дипломаттар азаматтарға қажетті консулдық-құқықтық көмекті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
«ҚР СІМ Израиль, Мысыр және Армения билігіне өз ризашылығын білдіреді, сондай-ақ қазақстандықтарды эвакуациялауға қолдау көрсетіп жүрген ирандық, әзербайжан және түрікмен әріптестеріне қайта алғыс айтады. Бірлескен күш-жігердің арқасында азаматтарымыз үйлеріне аман-есен оралуға мүмкіндік алуда», – делінген СІМ хабарламасында.
Бұған дейін, СІМ қысқа уақыт ішінде 200-ден астам қазақстандық Таяу Шығыстан кеткісі келетінін айтып хабарласқанын жариялаған.
Оның алдында Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпті әскери шиеленіске байланысты мәлімдеме жасап, жағдайға алаңдаушылық білдірген.
Израиль-Иран жанжалы
Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.
Израиль сыртқы барлау қызметі Иранға қарсы шабуылды бірнеше жыл бойы ұйымдастырғаны мәлім болды. «Моссад» Тегеран маңына жасырын дрондар базасын құрған.
Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи Израиль соққылары кезінде бункерге тығылғаны туралы мәлімет тарады.
Иран мен Израиль қақтығысына АҚШ та араласуы мүмкін. Трамп капитуляция туралы әңгіме қозғады. Хаменеи иран халқы ешқашан берілмейді деп мәлімдеді.
Иранның Фордо ядролық нысаны Израиль үшін алынбас қамалға айналды.
Ал 13 маусымнан бастап Израильдің Астанадағы елшілігі қызмет көрсетуді уақытша тоқтатты. Астана мен Алматы қалаларында синагога ғимараттарына күзет қойылды.
Кеше Израиль Иранның ядролық нысандарының біріне шабуыл жасаған. Иран билігі бұл реактор тек бейбіт мақсатқа арналған деп мәлімдеген. Алайда Батыс сарапшылары бірнеше рет мұнда әскери мақсатта қолданылатын бөлінетін материалдар өндірілуі мүмкін деген күдік білдірген.