Банк пен қаржы

Freedom Bank-тен алған кешбэк үшін салық төлеу керек пе?

Соңғы уақытта Freedom Bank
Freedom Bank-тен түскен кэшбекке салық төлемейді / Фото: kursiv.media

Соңғы уақытта Freedom Bank клиенттері арасында инвестициялық валюта түрінде берілетін кешбэкке салық төлеу қажет пе деген сұрақ жиілеп кетті. Freedom Bank өкілдерінің айтуынша, түскен кэшбек үшін салық төленбейді, тек салық декларациясын тапсыру қажет.

Инвестициялық кешбэк деген не?

Freedom Bank клиенттері сауда-саттық жасаған кезде, оларға Freedom валютасы түрінде кешбэк беріледі. Бұл кәдімгі ақша емес, арнайы биржада тіркелген ETN (Exchange Traded Note) деп аталатын қаржы құралы болып саналады.

ETN – бұл құнды қағаздың бір түрі. Freedom валютасы Астана халықаралық биржасында (AIX) саудаланады және Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) ережелерімен реттеледі.

Салық төлеу керек пе?

Жоқ, төлемейсіз. Қазақстан заңнамасына және АХҚО-ның арнайы салық режиміне сәйкес, 2066 жылға дейін жеке тұлғалар мен компаниялар ETN құралдарынан табыс тапса да, салық төлеуден босатылады.

Яғни, Freedom валютасы түрінде алған кешбэгіңіз үшін салық салынбайды.

Бірақ декларация тапсыру керек

Дегенмен заң бойынша мұндай қаржы операциялары декларацияда көрсетілуге тиіс. Freedom валютасы әлі де шотыңызда тұрса да, мейлі сіз оны теңгеге ауыстырып, шотты жауып тастасаңыз да – ол кіріс ретінде тіркеліп, салық есебінде көрсетілуі керек.

Декларацияны қалай тапсыруға болады?

2025 жылдың 15 қыркүйегіне дейін декларацияны Freedom SuperApp қосымшасы арқылы оңай тапсыруға болады. Бұл қызмет кэшбекті автоматты түрде есептеп, дайын форма ұсынады.

Сонымен қатар декларацияны келесі платформалар арқылы да тапсыруға болады:

  • eGov.kz – электрондық үкімет порталы
  • eSalyq Azamat – салық төлеушіге арналған мобильді қосымша
  • Салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz)
  • Мемлекеттік кірістер комитетінің веб-порталы (kgd.gov.kz)

Бұған дейін Freedom SuperApp қосымшасына 2025 жылдың соңына дейін криптоактивтерді сатып алу және сату мүмкіндігін қосу жоспарланып жатқаны хабарланған.