Lifestyle

Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент оқушылары АҚШ-қа шахмат жарысына барады

Шахмат ойынынан әлем чемпионатына баратын мектеп оқушылары анықталды / фото: KazChess
Шахмат ойынынан әлем чемпионатына баратын мектеп оқушылары анықталды / фото: KazChess

2025 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан атынан өнер көрсететін алты команда анықталды. Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент оқушылары АҚШ-қа жарысқа барады. Бұл туралы Kursiv.Media-ға Қазақстан шахмат федерациясы хабарлады.

Мектеп командалары арасындағы іріктеу турнирі Алматы қаласында өтті. Шахмат турнирі нәтижесінде Құрама Штаттарда тамыздың басында өтетін әлем біріншілігіне қатысатын алты топ анықталды.

12 жасқа дейінгі жеңімпаз командалар (U12):

  • РФММ (Астана). Әміржан Әнетов, Айсұлтан Әнетов, Арыстан Жаңабаев, Айсара Туенбаева және Әсет Мұнара, капитан – Рахат Қуанышев;
  • О.А. Жолдасбеков атындағы №9 IT-лицейі (Шымкент). Бекзатхан Сазантаев, Ахмедияр Сугралиев, Әлихан Жәнібек, Нұрсая Жұмабек, Алдияр Рысбайұлы, капитан – Мұхтар Оңғарбаев;
  • Д.А. Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы (Ақтөбе). Алдияр Асылбек, Аманбек Өтетілеу, Нұрасыл Сапартілеуов, Нұргүл Бауыржан және Кәусар Нәғигұлла, капитан – Бауыржан Жанашов.

18 жасқа дейінгі жеңімпаз командалар (U18):

  • РФММ (Алматы). Эдгар Мамедов, Иманғали Ахилбай, Әлихан Дәулет, Зарина Нұрғалиева және Әдіжан Есенғали, капитан – Саят Егенбердиев;
  • РФММ (Астана). Ерғали Сүлеймен, Ислам Айтен, Владимир Савицкий, Мәдина Момын және Ернұр Ахмедияр, капитан – Ботагөз Жалғасбаева;
  • SEED Educational Complex (Астана). Данис Қуандықұлы, Алдияр Сайлаубай, Арсен Айтмұханов, Мария Холявко және Айлин Зарқым, капитан – Шынар Әбелпейісова.
Оқушылар Қазақстан атанынан әлем чемпионатына қатысады / фото: KazChess
Оқушылар Қазақстан атанынан әлем чемпионатына қатысады / фото: KazChess

Жүлдегер алты команда, Вашингтонға жолдамадан бөлек, ақшалай сыйлық алды: 1-орын үшін – 350 000 теңге, 2-орын үшін – 250 000 теңге, 3-орын үшін – 150 000 теңге.

FIDE World Schools Team Championship – оқушылар арасындағы әлем чемпионаты биыл 2-7 тамыз аралығында АҚШ-та өтеді. Біріншілік алғаш рет 2023 жылы Ақтау қаласында ұйымдастырылды. Оған 53 елден 300-ден аса жас шахматшы қатысты.

Бір жылдан соң, KazChess президенті Тимур Турловтың бастамасымен, Халықаралық мектеп шахмат федерациясы (ISCF) құрылды. АҚШ-та өтетін чемпионатты Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) мен ISCF (Турловтың өзі басқарады) бірлесіп өткізеді.