
Шымкентте тағы бір үшем перзентханадан шықты. Бұл – 24 жастағы Феруза Рахимова мен оның күйеуінің тұңғыш перзенттері. Сәбилер жүктіліктің 31 аптасында өмірге келіп, дәрігерлердің қарауында болған. Қазір анасымен бірге Мустафа, Муса, Хадияның да денсаулығы жақсы. Оларды дәрігерлер перзентханадан салтанатпен үйіне шығарып салды.
Шымкент қаласының тұрғыны 24 жастағы Феруза Рахимова қалалық перзентханада жатқанына 64 күн болған. Жас ана жүктіліктің 31 аптасында туылған тұңғыш перзенттері үшемін бір-бірден қолына алып, қайта-қайта бауырына басып, иіскеп жүр. Балаларының атын күйеуі Мустафа, Муса, Хадия деп атаған.
«Үшем екенін бірінші УЗИ-ден-ақ көрдім. Алғаш естігенде қатты таңғалдым. Шынымды айтсам, күтпедім. Артынан қуандым, өте қатты қуандым. Жолдасым, туыстарым, жақындарым естігенде, өте қатты қуаныш болды. Енді бұл Алланың бізге берген сыйы, – дейді ол. – Ал оларды алғаш қолға алған сезім түсініксіздеу болды. Бірақ ерекше сезім деп айтар едім. Өйткені алғаш ана атанып, өзіңнің тұңғышыңды қолыңа ұстағаннан кейінгі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмайсың»
Үшем мерзімінен бұрын туылған. Дәрігерлердің айтуынша, ана мен баланың амандығы үшін ота жасалған. Ота сәтті шыққан.
«Әйелдің бірінші жүктілігі әрі 31 апта. Үшемдер қағанақ суының мерзімінен ерте кетуі бойынша келіп түскен. Әйел босанғанша, бізде патология бөлімшесінде бақылауда болды. Кешкі ауысымда кезекшілік барысында әйелдің толғағы басталып, босану кезеңінің бірінші кезеңі болуына, үшемдер және бірінші ұрықтың аяқпен келуіне байланысты ана мен баланың амандығы үшін жедел түрде отаға алынды. Отамыз сәтті аяқталды», – дейді перзентхананың бөлім меңгерушісі, акушер-гинеколог Гүлнәр Жұмаділлаева.
Үшемдердің салмағы әртүрлі. Біріншісі – 1 келі 450 грамм, екіншісі – 1 келі 350 грамм және үшіншісі – 1 келі 410 грамм. Туылғаннан балалар жансақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлердің бақылауында болып, қажетті күтім жасалған. Екі ай ішінде ана сүтімен және қосымша тамақпен қоректеніп, сәбилер салмақ қосқан.
«Алғашқы күндері нәрестелер жансақтау бөлімшесінде болды. ИВЛ апаратына жатқызылды. Жағдайлары өте ауыр еді. Жағдайы тұрақтандырылғаннан кейін жоғарғы тәуелді нәрестелер бөлімінде, одан кейін нәрестелер потологиясы бөлімшесіне ауыстырылды. Тексеру, емдеу, күтіп-баптау толығымен жүргізілді. Қазіргі таңда сәбілер мен анасының жағдайы өте жақсы қанағаттанарлық жағдайда. Үйге шығарылып жатыр», – дейді перзентхана дәрігері Гүлжан Хангелдиева.
Бүгін түсте Мустафа, Муса, Хадия мен анасын дәрігерлер перзентханадан салтанатпен шығарып салды. Ал туыстары мен жақындары шашу шашып, оларды құшақ жайып қарсы алды.

«Қуанышымда шек жоқ. Екі ұл, бір қыз, керемет қой! Перзентхананың қызметкерлеріне, дәрігерлеріне алғысымды білдіремін», – деді үшемнің әкесі, Феруза Рахимованың күйеуі Эляр Хайдаров.
Айта кетейік, Мустафа, Муса, Хадия биылғы жылы Шымкентте туылған үшінші үшем. Жалпы жыл басынан бері қалада 12 648 сәби дүниеге келген болса, олардың ішінде 149 егіз бар.