Жаңалықтар

Қазір бас бостандығынан айырудан басқа жазаға басымдық беріледі – Тоқаев

Тоқаев бас бостандығынан айырудан басқа жазаға басымдық берілгенін айтты/фото: shutterstock

Қазір елімізде қылмыстық жаза саясатын жетілдіруге баса мән беріліп келеді. Сондай-ақ бас бостандығынан айырудан бөлек жаза түрлеріне басымдық беріледі. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Президенттің айтуынша, бұл пробация қызметіне анағұрлым көп салмақ түсіреді.

«Сондықтан аймақ әкімдері осы салада жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік жағдайын біртіндеп жақсарту жолдарын қарастыруы керек. Сондай-ақ пробациялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуды қолға алу қажет. Пробациялық бақылауды тиімді жүргізуге септігін тигізетін цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізген жөн», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы кез келген мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуге шақырды.

«Қылмыстық-атқару жүйесінің басты мақсаты тек жазалау деген түсініктен арылу қажет. Қателік жасап, қамауға түскен адамды жаншып, басып тастауға тырысу – дұрыс емес, біз ондай адамның тура жолға түсіп, түзеліп кетуіне қол ұшын беруіміз керек», – дейді Тоқаев.

Президент жазасын өтеп жүргендерді қалыпты өмірге дайындаудың тағы бір тиімді жолы – еңбекпен, яғни, жұмыспен қамту екенін айтты. Сол үшін кәсіпкерлерді жазасын өтеу мекемелерінің жанынан түрлі кәсіпорын ашу мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

«Мұндай серіктестік шетелде кең тараған. Бұл шараның екі жаққа да тигізер пайдасы мол. Жазасын өтеп жүргендердің тапқан табысы бостандыққа шыққан соң олардың қалыпты өмірге оралуына көмектеседі. Ал өндірісте меңгерген дағдысы жақсы жұмыс табуына жол ашады», – дейді Тоқаев.

Айта кетейік, Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толуына орай сотталған 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды.