Жаңалықтар

«Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырын пайдалануға қатысты үш жылдық шарт жасалды

Фото: ҚазТрансОйл, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«ҚазТрансОйл» мен «МұнайТас» ЖШС (51 пайыз акциясы ҚТО-ға тиесілі) арасында «Кеңқияқ-Атырау» магистральдық мұнай құбырын пайдалануға қатысты үш жылдық шарт жасалды.

Келісім мерзімі 2025–2027 жылдарды қамтиды. Бұл шешім «МұнайТас» ЖШС қатысушыларының сырттай кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданған.

«ҚазТрансОйл» АҚ – Қазақстан Республикасының магистральдық мұнай құбырлары бойынша ұлттық операторы.

Компания аталған құбыр алғаш іске қосылған күннен бері пайдалану және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жүргізіп келеді.

Компанияның мәліметінше, қабылданған шешім Қазақстан мұнай құбырлары инфрақұрылымының сенімді жұмыс істеуіне оң әсерін тигізеді.

Бүгінде «ҚазТрансОйл» АҚ келесі серіктес ұйымдардың мұнай құбырларына операторлық қызмет көрсетеді:

  • «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС,
  • «СБҚК «МұнайТас» ЖШС,
  • «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ,
  • «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» ЖАҚ,
  • «Торғай Петролеум» АҚ,
  • «Магистральдық су құбыры» ЖШС.

Жалпы алғанда, компания 5,2 мың шақырым магистральдық құбырларға иелік етеді және 5 мың шақырымнан астам ұзындықтағы өзге ұйымдардың құбырларына техникалық қызмет көрсетеді. «ҚазТрансОйл» АҚ — «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы.

Бұған дейін «ҚазТрансОйл» Қазақстан мұнайын экспортқа балама жолмен тасымалдауға дайын екенін мәлімдеген.