Банк пен қаржы

Тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесіне коммерциялық банктер қатыса алады

Фото: ашық дереккөзден

Елдегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне енді коммерциялық банктер де қатыса алады. Бұл жайлы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова журналистерге берген сұхбатында айтты.

Төрағаның түсіндіруінше, қазір нарықтағы ипотекалық кредиттің 60%-ы «Отбасы банкке» тиесілі. Ол тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің басты операторы, одан бөлек жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары да бар.

Енді осы жүйеге коммерциялық банктерді қатыстыру мәселесі қарастырылып жатыр. Ол үшін нарықтағы талаптарға жаңа өзгеріс енгізбекші.

«Заңнама бойынша, коммерциялық банктер тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысу үшін тағы бөлек банк ашуы керек еді. Ол – шығын. Жарғылық капитал қалыптастыру, штат, ғимарат, ақпараттық жүйе – тағысын тағы дегендей. Оның барлығы үлкен шығын, ол өнімнің құнына да әсер етеді. Сол үшін банктер тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне жеке еншілес ұйым құрмай-ақ қатысу деген мәселені көтерді. Оны біз қолдаймыз», – деп атап өтті Әбілқасымова.

Төрағаның түсіндіруінше, мұндай тәжірибе әлемдік практикада бар. Егер ипотекалық өнім іске қосылса, оған қатысты жеке есеп жүргізуді ұсынып отыр. Ол жағынан ислам құралдарына қатысты «бір терезе» тәрізді механизм жұмыс істеуі мүмкін.

Коммерциялық банктердің тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысуындағы тағы бір мәселе – мемлекеттік сыйақы берілуі.

«Мәселе мемлекеттік сыйақыда. Заң бойынша, жинақ үшін сыйақы берілуі керек. Демек ол «Отбасы банк» үшін де, коммерциялық банк үшін де бірдей болуы қажет», – дейді Әбілқасымова.

Бірақ оның мөлшері, коммерциялық банктердің үлесі қандай болатындығы белгісіз.

Бұл мәселені осыған дейін мәжілісте де көтерген. Депутат Ерболат Сатыбалдин «Отбасы банктен» басқа да екінші деңгейлі банктердің тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысуына мүмкіндік беру керек деген ұсынысын айтты.

«Тек «Отбасы банкпен» шектелмей, басқа банктерге де тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысуға мүмкіндік беру қажет. Сондай-ақ, ипотекалық несиелеуге зейнетақы қорын тарту арқылы ұзақ мерзімді қаржыландыру нарығын қалыптастырып, пайыздық мөлшерлемені төмендету керек. Бұл – бәсекелі орта құруға, халықтың таңдауын кеңейтуге және несиенің қолжетімді болуына жол ашпақ», – деген еді ол.