
Қазақстанда тұрғындардың дені смартфон көмегімен күнделікті тұрмысқа қажетті ақша аударады. Мобильді ақша аударымына да салық салынатыны ескертілгелі, көпшілік алаңдап қалғаны анық. Kursiv.Media төлемнің мұндай түріне қандай жағдайда салық салынатынын түсіндіреді.
Үкімет республикадағы екінші деңгейлі банктерден кімнің қайда, қашан ақша аударғаны туралы мәліметті жылда алып отырады. Азаматтардың қаржы мекемелерінің мобильді қосымшасы көмегімен аударған ақшасы құзырлы мекемелердің бақылауында болады. Мәселен, мемлекеттік кірістер комитетіндегілер банктер берген мәліметке қарап, кімнің салық төлеу керектігін оңай анықтай алады.
Билік үш айда 1 млн теңгеден аса мобильді ақша аударымын жасағандарға салық салуды көздеп отыр. Бірақ осы тұста түсіндіре кететін маңызды бір жайт бар.
Ата-ана мен бала, туысқандар арасындағы күнделікті ақша аударымына салық ұсталмас үшін Қаржы министрлігі үш түрлі критерий белгіледі. Бұл заңсыз табыс тауып жүргендерді анықтау мақсатында жасалды.
Мәселен, ата-ана үш айда баласына 1 млн теңгеден аса қаражат жолдады делік, бірақ олар бір немесе екі адам ғана. Салық бір, екі немесе он адам емес, жүз адам қатарынан үш ай бойы ақша аударса ғана ұсталады. Ол үшін төмендегі үш критерийдің бәрі орындалуы тиіс:
- Жүз түрлі адамнан ақша түскен жағдайда;
- Жүз түрлі адамнан қатарынан үш ай бойы ақша түссе;
- Олар аударған ақша 1 млн теңгеден асқан жағдайда салық төлеу керек.
Парламент сәрсенбі, 25 маусымда үкіметтің жаңа салық саясатын айқындайтын құжатты мақұлдады. Заң 60 күннің ішінде күшіне енетінін ескерсек, 2025 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстан азаматтары мобильді аударым жасағаны үшін салық төлейді.