
AMANAT фракциясының депутаттары есепке алынбаған дрондардың ел аумағында еркін ұшуына шектеу қоюды ұсынды. Бұл бастама дрондардың қолжетімділігі мен оларға қатысты бақылаудың әлсіздігіне байланысты көтеріліп отыр.
Депутат Елнұр Бейсенбаев салмағы 15 келіге дейінгі пилотсыз ұшатын аппараттардың ашық түрде сатылып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Бұл, әсіресе, халық көп жиналатын шараларда қауіп тудыруы мүмкін.
Мәжілісмен қазіргі дрондардың мүмкіндіктері өте кең екенін және адамның қатысуынсыз күрделі операцияларды орындауға болатынын атап өтті. Бейсенбаев бұл теріс мақсатта пайдалану қаупін күшейтетінін айтады.
«Концерт, не футбол матчы кезінде көпшілік жиналған жерде, бейбіт көрінетін дрон қалықтап ұшып жүр делік. Бірақ ол ойыншық болмауы мүмкін. Қауіп төнген жағдайда мыңдаған адамды эвакуациялау өте қиын болады. Мұндай сәттердің соңы апатқа әкелуі ықтимал», — деді депутат.
Халықаралық тәжірибе
Депутаттар басқа елдердің тәжірибесіне де тоқталды. Мысалы, АҚШ пен Еуроодақ елдерінде дрондар нақты қадағалауда. Онда Remote ID жүйесі енгізілген — бұл жүйе арқылы дрондар автоматты түрде өз координаттары мен иесі туралы ақпаратты таратып отырады. Ал Қазақстанда дрондарды қолдануға қағаз жүзінде шектеу болғанымен, ол тәжірибе жүзінде орындалмай отыр.
Депутаттардың ұсынысы
Мәжілісмендер дрондарды реттеуді кешенді түрде қолға алуды ұсынады. Атап айтқанда:
- Remote ID жүйесін енгізу – 250 граммнан жоғары барлық дрондарға міндетті ету;
- «Қара жәшік» орнату – әр дронға ұшу деректерін жазатын құрылғы қою;
- Дрон өндіруді лицензиялау – барлық негізгі бөлшектерді цифрлық таңбалау арқылы қадағалау;
- Жаза қатаңдату – дрондарды заңсыз құрастыру мен қолданғандарға, әсіресе олар қару ретінде пайдаланылса, қатаң әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік белгілеу.
Сонымен қатар, депутаттар бұл ұсыныстар технологияны шектеу емес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет екенін баса айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның батыс өңіріне бес дрон құлады. 19 маусымда күндіз Маңғыстау облысының тұрғындары қашықтан басқарылатын ұшу аппаратын тауып алды. Сұр түсті аппарат Қарақия ауданы аумағында Болашақ шекара темір жол станциясы маңында табылған.
Оған дейін де Батыс Қазақстан облысы аумағына төрт рет ұшу аппараты түскен. Соңғы осындай жағдай жақында тіркелді.