Жаңалықтар

Түрмеде Қуандық Бишімбаевқа неге әлі жұмыс табылмаған – комитет жауабы

Қуандық Бишімбаев әлі жұмысқа орналаспаған/фото: Асқар Ахметуллин

Қуандық Бишімбаевқа түрмеде әлі де жұмыс табылмаған. Бұл туралы ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Баймағанбетов айтты, деп хабарлайды KursivMedia.

Айтуынша, Қуандық Бишімбаев жазасын өтеп жатқан мекемеде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

«Мекемеде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бизнес аймақ жұмысшылармен толық қамтылған. Ол жерде қосымша цехтар ашылуы керек, сол кезде жаңа жұмыс орындары пайда болады. Сол кезде мекемедегі барлық сотталғанды жұмыспен қамтимыз. Қазір сотталғандардың 60%-ы жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сотталғандарды таңдап жұмысқа орналастырмаймыз», – дейді Баймағанбетов.

Айта кетейік, бұған дейін президент жазасын өтеп жүргендерді қалыпты өмірге дайындаудың тағы бір тиімді жолы – еңбекпен, яғни, жұмыспен қамту екенін айтты. Сол үшін кәсіпкерлерді жазасын өтеу мекемелерінің жанынан түрлі кәсіпорын ашу мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

«Мұндай серіктестік шетелде кең тараған. Бұл шараның екі жаққа да тигізер пайдасы мол. Жазасын өтеп жүргендердің тапқан табысы бостандыққа шыққан соң олардың қалыпты өмірге оралуына көмектеседі. Ал өндірісте меңгерген дағдысы жақсы жұмыс табуына жол ашады», – деді Тоқаев.

2024 жылдың 13 мамырында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты. ишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Байжановты 4 жылға бас бостандығын айыру туралы сот үкімі шықты.