Жаңалықтар

Қазақстандық актер АҚШ-та ерлік жасады

Казахстанский актер спас американца из горящей машины
Сануржан Сүлеймен АҚШ-та америкалықты өлімнен құтқарды / коллаж: kursiv.media

Әлеуметтік желіде қазақстандық актерлердің АҚШ-та жол апатына ұшыраған америкалыққа көмектесіп жатқан сәті түсірілген бейнежазба тарады. Оқиғаға куә болған түсірілім тобының айтуынша, көлік жардан құлап, өртеніп кеткен.

Актриса Айдана Сахаридің айтуынша, апатқа ұшыраған көліктің ішінде адам қалып, темір тұлпар бірден отқа оранған. Сол сәтте актер Сануржан Сүлеймен ештеңеге қарамастан, бірінші болып жараланған жүргізушіні құтқаруға ұмтылған.

Түсінікті болу үшін айтайын: жар қия беткеймен орналасқан, айнала құмды – тайғақ, ағаштар көп, төменде жарылыс болып жатты. Адам көліктің астында қалып қойды. Санур оны тартып шығарып жатқанда, кейін өзгелер де көмекке келді. Байланыс жоқ жерде Еркен аға әрең дегенде жедел жәрдем шақырды, – деп жазды Сахари өз парақшасында.

Айдана бұл жағдайды GTA ойынымен салыстырып, қорыққанын да жасырмады. Кейін анықталғандай, көлікті мас күйінде жүргізген жүргізуші екен.

Жергілікті құтқарушылар оқиға орнына 10-20 минут ішінде жетіп, өртті сөндіруге кіріскен. Әлеуметтік желі қолданушылары актерлердің бұл әрекетін ерлік деп бағалады.

Алайда кейбір қазақстандықтар бұл оқиғаға сенбей, түсірілім тобы мұны фильмнің бір бөлігі ретінде ұйымдастырған болуы мүмкін деп болжам жасады. Алайда Айдана Сахари бұл сөздерді жоққа шығарып, «мұндаймен ойнауға болмайды» деп жауап берді.

Бұл күн есімде мәңгі сақталады. Мен дін аманмын. Өмірімізге жауапкершілікпен қарап, бір-бірімізге қамқор болайық, – деп жазды Сануржан Сүлеймен кейінірек әлеуметтік желіде.