
Қорғаста жүк әуежайын немістің Skyhansa компаниясы салатын болды. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтың Skyhansa компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің мүшесі, доктор Кристин Грётцбахпен кездесуі кезінде айтылған.
Жоба үш кезеңде жүзеге асырылады
«Президент тапсырмасы бойынша Үкімет неміс инвесторларымен бірлесіп Жетісу өңірінде халықаралық жүк және жолаушылар әуежайын салады», – делінген үкімет хабарламасында.
«Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында әуежай салу үш кезеңде жүзеге асырылады.
Бірінші кезең 2027 жылға дейін созылады. Бұл аралықта 1 сағатта 50 адамды адамды өткізетін жолаушылар терминалы салынады. 2032 жылға қарай оның қуаты 500 адамға жетуі тиіс. Сондай-ақ JET A-1 авиаотынының жаңа түрін сақтайтын заманауи отын қоймасы қажет болады. Қойма жылына 200 мың тонна отын сақтауға қолайлы болуы тиіс. Бұл көлем 2032 жылға қарай – 550 мың тоннаға жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
2027-2032 жылдар аралығында екінші және үшінші кезеңге жоспарланған шаралар жүзеге асырылады. Бұл аралықта өңірде туристік және ойын-сауық инфрақұрылымы дамиды.
Қанша қаражат тартылады?
Экономикалық аймаққа шамамен 250 млрд теңге инвестиция тартылады деп жоспарланып отыр.
«Жоба бойынша Air–Rail–Auto-Air жүк тасымалдарының мультимодалды сызбасын әзірлеу және Азия-Тынық мұхиты аймағы бағытындағы көлік және логистикалық маршруттардың түйіскен жерінде экономикалық өсудің жаңа мүмкіндіктерін ашу көзделіп отыр», – делінген үкімет хабарламасында.
Олжас Бектенов бұл жобаның президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқанын атап өткен. Сондай-ақ Жетісу облысында салынатын заманауи әуежайдың жергілікті инфрақұрылымды дамытуға жол ашатынын және Қытай, Орталық Азия және Еуропа елдері арасында транзиттік хабқа айналу әлеуеті туралы айтқан.
Ал Skyhansa компаниясының өкілі Кристин Грётцбах жоба арқылы тек авиациялық инфрақұрылым дамып қоймай, сонымен бірге өңірде заманауи логистикалық және іскерлік орталық қалыптастыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Біз жай ғана әуежай емес, халықаралық деңгейдегі дамыған инфрақұрылымы: жүк және жолаушылар терминалдары, жанармай құю кешені, әуе кемелеріне авиациялық-техникалық қызмет көрсету орталығы (MRO), бизнес орталығы, мультимодалды логистикалық мүмкіндіктерге арналған қонақ үйлері бар көпфункционалды өңірлік хаб құрып жатырмыз. Оның Қытаймен шекараға жақын орналасуы «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА шеңберінде халықаралық сауданы дамытуға қолайлы жағдай жасайды, ал оның теміржол және автожол желілеріне қосылуы жаңа Жібек жолындағы келешегі зор логистикалық тораптардың біріне айналдырады», – деді Кристин Грётцбах.
Тараптар кездесу соңында Инвестициялар туралы келісімге қол қойған. Келісімге сәйкес компания жобаны жүзеге асыру барысында отандық материалдар мен қызметтерді пайдалануға міндеттелген. Сонымен бірге жұмысқа да негізінен, (90%) Қазақстан азаматтары жұмылдырылады. Ал Қазақстан тарапы инженерлік және көлік инфрақұрылымын тартуға міндеттелген. Сонымен бірге экономикалық аймаққа кіретін инвесторkар үшін жеңілдіктер жасауға дайын.
Айта кетсек, Қорғаста заманауи әуе айлағы салынатыны туралы 2024 жылдың наурызында Жетісу әкімдігі хабарлаған болатын. Әкімдік аталмыш экономикалық аймақта жалпы алғанда 800 млрд теңгеден асатын жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.