
2024 жылы жалпы ішкі өнім 4,8%-ға өскен. Биыл 5 айды бұл көрсеткіш 6%-ды құрады. Бірақ бюджет кірісі Үкіметтің жоспарынан 3 пайызға кем түсті. Бұл туралы Парламент қос палатасының бірлескен отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді.
Ал инфляция деңгейі 9,8%-дан 8,6%-ға дейін төмендеді. Бюджет тапшылығы белгіленген шамадан 3,6 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімге 2,7%-ды құрады.
Өйткені былтыр бюджет жоспары 97%-ға орындалып, ел қазынасына 19,6 трлн теңге түскен. Министр бюджет жоспарының толық орындалмауына бірнеше себеп бар екенін айтады.
Біріншіден, үшінші елдерден келетін импорт 2 млрд долларға азайған. Екіншіден, Теңіз кен орнында мұнай өндіру кешігіп, үшіншіден былтыр бюджет есебінен 1,3 трлн теңге қосылған құн салығы қайтарылған.
«Сонымен қатар 2024 жылы экономикадағы көлеңкелі айналымды қысқарту бойынша жұмыстардың нәтижесін де, бюджетке қосымша 1 трлн 280 млрд теңге түсті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 349 млрд теңгеге немесе 37% (пайызға) көп», – деді министр.
Ұлттық қордың активтері былтыр 16% (пайызға) өсіп, 66,2 млрд долларды құрады. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша екі жылда шамамен 7 миллион баланың әрқайсысына 233 АҚШ долларынан есептелген.
Биыл Қазақстан бюджет тапшылығын жабу үшін 2,5 млмр теңгеге еурооблигация шығарды.