Жаңалықтар

Tele2/Altel брендін араб инвесторына сатудан бюджетке қанша қаржы түсті

Tele2/Altel брендін араб инвесторына сатудан бюджетке қанша қаржы түсті
158 млрд теңге дивиденд ретінде түсті/Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2024 жылы жылы мемлекет меншігіндегі 14 нысан 589 млрд теңгеге сатылған. Оның ішінде 517 млрд теңге «Қазақтелеком» АҚ-ның Tele2 мобильді операторы үлесін катарлық инвесторға сату есебінен түскен. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутат сауалына жауабында айтты.

«Осы соманың 158 млрд теңгесі республикалық бюджетке дивидендтер түрінде аударылды. Бұдан бөлек, аталған мәміле бойынша 76 млрд теңге корпоративтік табыс салығы ретінде төленді. Бұл – сатылған активтің қайта бағалануы нәтижесінде түскен салық. Қалған қаражат шартқа сәйкес биыл және 2028 жылға дейін түседі», — деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Жоғары аудиторлық палата 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру қарқынын жеделдету қажет деп санайды.

«637 нысанның 460-ы жекешелендірілді немесе таратылды. Бұл – республикалық, коммуналдық меншіктегі нысандар мен квазимемлекеттік сектор активтері», — деді Әлихан Смайылов.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, кешенді жоспарды толық орындау үшін тағы 177 нысанды бәсекелестік ортаға беру қажет.

Қатарлық компания «Мобайл-Телеком Сервисті» «Қазақтелекомнан» 1,1 млрд долларға сатып алған болатын.