Жаңалықтар

«Кейбір саясаткерлер ChatGPT көмегіне жүгінеді» – Тоқаев Минскіде сөз сөйледі

Тоқаев Еуразиялық экономикалық форумда сөз сөйледі / фото: akorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь астанасы Минскіде өткен Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына қатысып, маңызды баяндама жасады.

Президент өз сөзінде ЕАЭО-ның халықаралық беделі артып келе жатқанын және ұйымның жалпы экономикалық әлеуеті 2,6 трлн АҚШ долларына жеткенін атап өтті. 2023 жылы мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауда көлемі 98 млрд долларды құраған. Бұл көрсеткіштер Одақ ішіндегі экономикалық байланыстардың артып келе жатқанын көрсетеді.

Бұдан бөлек, Президент цифрландыру мен жасанды интеллект (ЖИ) технологияларының маңыздылығына да тоқталды. Бұл салалардың экономиканы түбегейлі өзгертіп, жаңа мамандықтардың пайда болуына жол ашатынын айтты. Сонымен қатар, ЖИ-дің жанама әсерлеріне де назар аударды. Айтуынша, ChatGPT сынды құралдарды бүгінде студенттер ғана емес, саясаткерлер де жиі пайдаланып жүр.

Мысалы, студенттер ChatGPT пайдаланады. Тіпті, кейбір саясаткерлер баяндамаларын жазу үшін ChatGPT көмегіне жүгінетін көрінеді. Бірақ мұның бәрі жасанды интеллектінің, жалпы цифрландырудың жанама әсері деп ойлаймын. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай цифрландыру мен жасанды интеллект әлемдік ішкі жалпы өнімге 15 триллионнан астам табыс әкеледі, 300 миллионға тарта жұмыс орнын алмастырып, мүлдем жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етеді, – деді президент.

Сонымен қатар 27 маусым күні ЕАЭО-ға мүше елдердің көшбасшылары саммитте бас қосады.