
2025 жылы автоиндустрия бұрынғыдан да жылдам цифрланып, электромобильдер негізгі көлік түріне айнала бастады. Connected car, жасанды интеллект, цифрлық егіз немесе көліктің виртуалды көшірмесі секілді шешімдер жаппай енгізіліп жатыр. Сарапшылар бұл жылды бүкіл автоиндустрия үшін шешуші кезең деп бағалап отыр.
Биыл электромобильдер бұрын-соңды болмаған серпінмен дамып жатыр. Жаңа модельдер саны артып, жеке көліктермен қатар электр жүк көліктері мен автобустар да жолға шықты. Халықаралық энергетикалық агенттік (IEA) болжамы бойынша, жаһандық нарықтағы электромобильдердің үлесі 18-20%-ға жетпек.
Аталған салада инфрақұрылым да маңызды рөл атқарады. Bloomberg New Energy Finance есебіне сәйкес, 2025 жылға қарай әлем бойынша зарядтау стансаларының саны 25 млн-нан асады. Бұл жанармаймен жүретін көліктерден жылдам бас тартуға итермелейді. Сарапшылар болжамынша, 2030 жылға қарай Еуропа мен Қытайда тек электрокөліктер мен гибридтер ғана қалуы мүмкін.
Баламалы энергия көздері: сутек пен синтетикалық отын
Электромобильдерден бөлек, басты назада – сутекті технологиялар. Toyota Mirai мен Hyundai NEXO ұзақ жолға арналған таза балама бола алатынын көрсетіп отыр. Алайда инфрақұрылым құнының жоғары болуы әзірге ауқымды дамуға кедергі. TÜV Report 2025 мәліметінше, сутекті көліктерді кеңінен енгізу үшін стандарттау мен мемлекеттік қолдау қажет.
Porsche мен Siemens Energy бірлесе отырып Чилиде жасаған синтетикалық отын іштен жанатын қозғалтқыштарға «екінші өмір» сыйлап, климатқа зиян келтірмейді. Бұл отын жаңартылатын энергия мен CO₂ негізінде өндіріледі және қоршаған ортаға зиянды қалдықтар бөлмейді.
Автономды жүргізу: сынақтан күнделікті өмірге дейін
Авто нарықтағы тағы бір тренд, автономдылық. Ол көлікке жүргізушісіз, өз бетімен жол ережесін сақтап, бағдарды анықтап, тежеу, бұрылу сияқты әрекеттерді автоматты түрде орындауға мүмкіндік беретін жүйе. 2025 жылы Mercedes пен BMW бірқатар елде автономды жүргізуге рұқсат алды.
Оңтүстік Корея мен Германияның кейбір аудандарында жүргізушісіз автобустар жұмыс істеуде, ал АҚШ-та Waymo мен Cruise компаниялары жүргізушісіз таксиді сынақтан өткізіп жатыр. McKinsey сарапшыларының болжамы бойынша, 2030 жылға қарай автономды жүргізу нарығының көлемі 70 млрд долларға жетеді.
Автоөнеркәсіптегі цифрлануы: connected car жүйесі
Цифрлық технологиялар автоиндустрияны түбегейлі өзгертіп жатыр. Оның бір бағыты – Connected car жүйесі. Бұл – интернетке және басқа құрылғыларға қосыла алатын «ақылды» көлік. Қазақша айтқанда, connected car – байланысқан автокөлік немесе желіге қосылған көлік. Қазіргі таңда бұл – көлікке орнатылатын қосымша емес, негізгі стандартқа айналып келеді. Осындай жүйенің арқасында автомобильдер басқа көліктермен (V2V), инфрақұрылыммен (V2I) және қалалық жүйелермен мәлімет алмаса алады.
Connected car жүйесімен қатар, өндірушілер цифрлық егіздер мен жасанды интеллект сияқты заманауи технологияларды да белсенді түрде қолдана бастады. Цифрлық егіз – көліктің виртуалды көшірмесі. Ол нақты көлікті шығарар алдында арнайы ортада сынақ жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл уақыт пен қаржыны үнемдеуге көмектеседі. Ал жасанды интеллект ақауларды алдын ала анықтап, жүргізу процесін оңтайландырып, тіпті жүргізушінің әдеттеріне қарай жеке ұсыныстар да бере алады.
Deloitte компаниясының дерегінше, бүгінде автокөлік өндірушілерінің 65%-дан астамы осындай цифрлық жобалау мен цифрлық егіз технологияларын енгізіп үлгерген.
Экоматериалдар мен қайта өңдеу – жаңа трендке айналды
Өндірушілер уақыт өткен сайын экологиялық таза материалдарды қолдануға ұмтылады. Қайта өңделген пластик, өсімдік негізіндегі табиғи былғары, бамбук және қайта өңделген металдар. BMW мен Volvo 2030 жылға дейін толықтай осындай материалдарға көшу мақсатын қойған.
Бұған қоса батареяларды қайта өңдеуге ерекше назар аударыла бастады. Қытай мен ЕО аккумуляторларды міндетті түрде қайта өңдеу туралы ережелер енгізіп жатыр, ал ескі батареялар тұрғын үйлер мен күн электр станцияларында энергия сақтау құрылғысы ретінде пайдаланылуда. Fraunhofer ISI зерттеуіне сәйкес, аккумуляторларды қайта пайдалану көміртегі ізі көлемін 20-30%-ға қысқартуы мүмкін.
Жаңа бизнес үлгілер: алдын ала жазылу, каршеринг
Көлікке жазылу – жаңа үрдіс, әсіресе жастар арасында танымал. Белгілі бір төлемге көлікті ауыстыруға, сақтандыру мен техникалық қызмет көрсетуге алдын ала жазылуға болады. Мұндай қызметтерді Volvo, Lynk & Co және Toyota ұсынады.
Каршеринг пен көлікті бірлесіп пайдалану жүйелері енді – электрлі самокаттар мен велосипедтермен толықтырылып жатыр. Олар қаланың ішінде, әсіресе үйден аялдамаға дейінгі немесе аялдамадан жұмысқа дейінгі арақашықтықты еңсеруге көмектеседі. Мұндай шешімдер мегаполистегі көлік жүктемесін азайтып, тұрақ таппай қиналатын жағдайларды азайтады. Statista агенттігінің болжамы бойынша, 2025 жылға қарай бұл нарықтың жаһандық көлемі 300 млрд долларға жетеді.
Киберқауіпсіздік және хакерлік шабуылдардан қорғау
Көлік саласының цифрлануы кибершабуылдарға қатысты жаңа қауіптерді тудырып отыр. Хакерлер мультимедиа жүйесіне кіріп, оны бұзып қана қоймай, тіпті көлікті қашықтан басқаруға да тырысуы мүмкін. Сондықтан көліктерді кибершабуылдан қорғау – автоөндіріс үшін маңызды жаңа міндетке айналуда.
Өндірушілер осы бағытта қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Мәселен, 2025 жылы ЕО-да автокөлік киберқауіпсіздігі бойынша жаңа ережелер (UNECE WP.29) күшіне енеді. Kaspersky мен Bosch мамандары connected car үшін кешенді қорғау шешімдерін жасап жатыр.
Енді көлік сізге бейімделеді
Қазіргі заманғы көліктер пайдаланушыға бейімделеді: орындықтар, климат-бақылау, мультимедиа – барлығы жеке әзірленеді. Кілттің орнына биометрия: жүйе иесінің саусақ ізі, бет әлпеті немесе дауыс арқылы таниды.
Адаптивті интерьер жүргізушінің көңіл-күйіне бейімделеді, ал жасанды интеллект көмекшілері музыканы, маршрутты немесе жүргізу стиліне қарай кеңестер ұсынады. Audi мен Mercedes ИИ-мен жабдықталған, эмоцияны тануға қабілетті дауыстық көмекшілерді енгізіп үлгерді.
Аймақтық ерекшеліктер
Автомобиль трендтері әлем бойынша әркелкі дамып жатыр. Еуропа мен Қытайда электромобильдер – қалыпты құбылыс, ал Африка мен Оңтүстік Американың кей бөліктерінде – әлі де жаңашылдық. Бұған халықтың табысы, климат, технология қолжетімділігі мен мемлекеттік қолдау әсер етеді.
АҚШ автономды жүргізу мен жазылу үлгілері бойынша алда келеді, ал Жапония –биометрия мен ақылды навигация саласында көшбасшы. TÜV, JAMA және ACEA ұйымдары бұл аймақтық айырмашылықтар бойынша тұрақты есептер жариялап тұрады.
2025-2030 жылдарға болжам
Сарапшылардың пікірінше, алдағы 5 жылда электромобильдер мен жасанды интеллект қалыпты құбылысқа айналып, автоөндірушілер, IT-компаниялар мен қала әкімдіктері арасындағы шекара жойыла түседі. Roland Berger бағалауы бойынша, 2030 жылға қарай жаңа көліктердің 40%-ға жуығы цифрлық платформалар арқылы сатылады.