
Алакөл жағажайын Түркия мен Мысырдың үлгісімен кеңейтіп, дамыту жоспарланып отыр. Көл жағасына халықаралық қонақүй, эко-үйлер мен демалыс кешендерін салу үшін қытайлық инвесторлар тартылмақ. Бұл туралы Абай облысының әкімдігі хабарлады.
Облыс әкімі Берік Уәли Мақаншы ауданына жұмыс сапарында Алакөлді дамытуға арналған жаңа Бас жоспардың тұжырымдамасымен танысқан.

Қазіргі кезде көл жағасында 300 гектар жағажай аймағы бар. Сарапшылар оң жағалаудағы жердің саз екенін анықтап, енді сол жағалауды ұзарту жоспарда бар. Осылайша жағажай аумағы кеңейеді.
Жаңа жоспарды дайындау кезінде Түркия мен Мысырдың жағажай туризмін дамыту тәжірибесі үлгі ретінде алынбақ. Халықаралық стандарттарға сәйкес, су шетінен 100 метр жерде тек құм жабыны болуы керек.
Облыс әкімі Берік Уәли бас жоспардың маңызын атап өтіп, құжаттың бірыңғай болуын және барлық жұмыстардың бір жүйеге біріктірілуін тапсырды.
«Алакөлге келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді. Инфрақұрылымды дамытып, жағажай аумағын кеңейту арқылы туристерге жайлы жағдай жасауымыз қажет», — деді аймақ басшысы.
Сапар барысында әкімге «Алакөл жағалауын бекіту» жобасы таныстырылды. Бұл жоба аясында жағалауды бекіту, абаттандыру және жаяу жүргіншілерге арналған серуен аймақтарын жасау жоспарланған.
Бұл жұмысты бұрын Алакөлдің оңтүстік жағалауы мен Жайық өзенінің жағажайын бекіткен тәжірибесі бар «ТЕКА Проект» компаниясы атқарады. Жобаның тапсырыс берушісі — облыстық құрылыс басқармасы.
Сондай-ақ облыс әкімі қытайлық инвесторлармен бірге көл жағалауын аралап шығып, жоспарланған жобаларды талқылады. Қытайлық «Сан Бао», «Ванджан» және «Juding Group» компаниялары Алакөлде мейманхана, конференция орталығы, эко-үйлер, ғарыш технологиясына негізделген сауықтыру орталығы, мәдени-сауық кешендері және отбасылық ғылыми-зерттеу базасы сияқты нысандар салуға қызығушылық танытты.
Инвесторлар алдағы уақытта көл жағасына алғашқы 100 ағаш үйді әкеліп, орнатуға дайын екенін айтты. Аймақ басшысы тиісті басқармалар мен аудан әкімдігіне жобаларды жергілікті компаниялармен бірігіп, концорциум арқылы іске асыруға қолдау көрсетуді тапсырды.
«Алакөлдің Бас жоспары негізінде көлдің инфрақұрылымын дамытып, туристерге қолайлы орта қалыптастырамыз. Инвестиция тарту жұмысын жалғастырамыз», — деді Берік Уәли.
Биыл Алакөлге әуе рейсі ашылды. 2025 жылғы 1 маусымнан қазақстандық SCAT әуе компаниясының ұшақтары Үшарал қаласына қатынай бастады.