
Алматыда әйгілі «Кальмар ойыны» сериалындағы қуыршақтың ескерткіші пайда болды. Ён Хи атты ерекше мүсін қаладағы «Forum» сауда орталығының алдына орналасқан.
Алып қуыршақпен кез келген адам суретке түсе алады. Шашы екіге өрілген, қызғылт-сары көйлек киген мүсін тура сериалдағы кейіпкерге ұқсайды, бірақ киімінің етегі қазақша оюмен безендірілген.
Ен Хи 2021 жылы «Кальмар ойыны» сериалының бірінші маусымында пайда болған. Ол – «Red Light, Green Light» ойынын басқарушы қуыршақ. Сериал бойынша, қуыршақтың жасыл көзі жанғанда ойыншылар жүгіруі керек, ал қызыл көзі жанғанда тоқтап қалады. Егер қуыршақ ойыншының қозғалғанын сезсе, бірден өлім жазасына кесіледі.
Бұл қуыршақ алғаш рет Кореядағы 70-80 жылдардағы балалар оқулықтарында пайда болған. Бірақ сериалдағы ең танымал және ең қорқынышты кейіпкер ретінде есте қалды.
«Кальмар ойыны» сериалы аяқталды ма?
Әйгілі «Кальмар ойыны» – 2021 жылы жарық көрген оңтүстік кореялық триллер жанрындағы сериал. Режиссері және сценарий авторы — Хван Дон-хёк. Сериал 2021 жылы 17 қыркүйекте Netflix платформасында жарық көріп, бірден әлемдік хитке айналды. Туындыда әлеуметтік теңсіздік, қарызға бату, лудомания, ашкөздік, байлық пен кедейлік тәрізді тақырыптар қозғалады.
Сериалда көрсетілген тәттілерді жасап көрмекке тырысқан кейбір балаларды күйік шалып, ауруханаға түсті.
Күні бүгінге дейін үш маусымы жарық көрді. Соңғы сериалдар жарыққа шыққаннан кейін спин-оффы пайда болуы мүмкін деген ақпарат тарады.