Жаңалықтар

Иран Starlink интернетін қолданған азаматтарды дүрелейді

Тегеран Starlink интернетін қолданғандарды жазалайды / фото: shutterstock
Тегеран Starlink интернетін қолданғандарды жазалайды / фото: shutterstock

Иран парламенті Starlink интернетін қолдануға тыйым салды. Енді Илон Масктің SpaceX компаниясы ұсынған қызметті тұтынған иран азаматына дүре соғылады. Құжатты Isna иран агенттігі жариялады.

Депутаттар билік мақұлдамаған интернет және коммуникация құралдарын қолдануға, сатып алуға, сатуға, импорттауға, өндіруге және таратуға тыйым салды. Мұндай құрылғы арасында Starlink спутникті интернеті де бар.

Парламент қабылдаған заңға сәйкес, тәртіп бұзғандар жазаланады. Оларға айыппұл салынып, дүре соғылады. Екі жылға сотталып та кетуі мүмкін.

Jerusalem Post мәліметінше, Иранда шашамен 20 мың Starlink терминалы бар. Оның бағасы қара базарда 2 мың доллардан асады.

Израиль мен Иран арасындағы қарулы жанжал кезінде Тегеран бүкіл елде интернетті өшіріп тастаған. Шектеу әлі де толық алынбады. Осының алдында миллиардер Маск Иран аспанында Starlink жүйесін іске қосқанын мәлімдеген. Алайда спутникті интернетті құрлықтағы терминалсыз пайдалана алмайсың.

Бұған дейін Тегеран халықаралық қауымдастықтан Starlink интернетін өшіруге көмек сұраған.