
Егістігі аптап ыстықта қурап кетудің аз алдында тұрған Талғар шаруалары мен тұрғындардың шағымына Су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов жауап берді.
Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте KursivMedia журналисі екі айдан бері суармалы сусыз қалып отырған Талғар маңындағы ауыл тұрғындарының шағымын жеткізді. Шаруалар Р2 каналындағы апатқа байланысты егістіктерін суғара алмай отырғанын, апап ыстықта егістіктері қурап кетуді аз алдында тұрғанын айтып, БАҚ-тарға хат жолдаған болатын.
Министр шаруаларға баламалы арналар арқылы су жіберіліп жатқанын мәлімдеді.
«Алматы облысында жергілікті атқарушы органдар Р1 және Р2 каналдарын жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі күні шаруа қожалықтарына айналма канал арқылы су беріліп жатыр», – деді ол.
Бірақ KursivMedia журналисі күні кеше ғана Азат және Ават тұрғындарының хабарламасы жеткенін, олардың екі айдан бері су алмай отырғанын нақтылады. Бұдан соң, Нұржігітов тұрғындардың шағымы қабылданғанын, жағдайды тексеру үшін өңірге бас инспекция мамандары жіберілетінін мәлімдеді.
Редакция Алматы облысының су ресурстары және ирригация басқармасына да хабарласып көрді. Жауапты орган каналды жаңғырту жұмыстарына 34,9 млн теңге бөлу туралы облыс әкімінің қаулысы шыққанын, қазіргі таңда мердігер таңдалып қойғанын айтты. Ал жаңғырту жұмыстары аяқталғанға дейін шаруаларға суармалы су қосымша арналар арқылы жіберіліп отырады.
«Қазіргі уақытта, облыс әкімдігінің резервтен 34,9 млн теңге бөлу туралы қаулысы негізінде «Экогидрострой» ЖШС-мен келісім шарт жасалды. Суармалы суды балама 2 су көзі – Бесағаш және Тополевка арқылы «Алматыоблсушар» МКК беріп жатыр. Алайда судың аз болуына байланысты, тұрғындар арасында наразылық туындап отыр. Облыс, аудан әкімдігі тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын 15 күнде аяқтап, суды толық беруді жоспарлап отырмыз», – делінген басқарма жауабында.
Еске сала кетсек, Талғар маңындағы Азат және Ават ауылдарының тұрғындары мен шаруалары техногенді апаттың алдында тұрғанын айтып, жергілікті биліктен су мәселесін тезе арада шешуді сұрады. Тұрғындары су мәселесі 2 айдан бері шешілмей жатқанын, барлық құзырлы органдарға хат жолдағанын, бірақ ешқандай нәтиже шықпағанын айтқан болатын.