Жаңалықтар

Ресейдегі қазақстандықтардың байланыс нөмірлері жаппай өшірілуде

Біріңғай биометриялық жүйеде тіркеуден өтпеген азаматтар ресейлік байланыс қызметтерін пайдалана алмайды / Фото: shutterstock

1 шілдеден бастап Ресей Федерациясында биометриялық деректерін тапсырмаған шетел азаматтарының SIM-карталарын жаппай өшіру басталды. Бұл шектеу қазақстандықтарға да әсер етуде.

Ресейдің Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қаулы күшіне енді. Енді біріңғай биометриялық жүйеде (ББЖ) тіркеуден өтпеген азаматтар ресейлік байланыс қызметтерін пайдалана алмайды.

«Егер сіз – шетел азаматы болсаңыз және 2024 жылға дейін рәсімделген ресейлік SIM-картаңыз болса, онда 2025 жылғы 1 шілдеге дейін биометрия тапсыруыңыз керек еді. Үлгермегендер байланыстан айырылу қаупінде тұр», – делінген ресейлік ведомствоның хабарламасында.

Өшіру кезең-кезеңмен жүзеге асырылады:

  • алдымен халықаралық және қалааралық байланыс өшіріледі,
  • кейін интернеттің жылдамдығы шектеледі,
  • 30 күн өткен соң – нөмір толық бұғатталады.

Министрлік үш айдан аса уақыт пайдаланылмаған SIM-карталар еш ескертусіз бірден өшірілетінін атап өтті.

«Бірақ жағдайды әлі де түзетуге болады. Егер сіздің нөміріңізге шектеу қойылса, сізде 30 күн бар, осы уақыт ішінде биометрия тапсырып, жаңа ережелер бойынша қайтадан келісімшарт жасасу қажет. Егер үлгермесеңіз нөміріңіз біржола өшіріледі, оны қалпына келтіру мүмкін болмайды», – деп түсіндірді ведомствода.

Айта кетейік, бір адамға ресейлік нөмірлердің бірнешеуін ұстауға болады, бірақ тек биометрия тапсырғаннан кейін ғана. Шетел азаматына 10 SIM-картадан артық рұқсат етілмейді.

Осыған дейін Мәжіліс депутаттары қаржы нарығын дамыту, тұтынушы құқықтарын қорғауды көздейтін түзетулерді қабылдады. Енді Қазақстандағы байланыс операторлары алаяқтардың нөмірін бұғаттауға міндетті болады.