
Қазақ ханы Бұйдаш 20 қазақ сұлтанының басын қосып, қалың қолмен 1559 жылы жаулап алу мақсатымен Мәуереннаһрға басып кіреді.
«Ақ киіз салып көтерілгендер. Қазақ даласының хандары» атты кітабында тарихшы Тұрсын Сұлтанов осы оқиғаға қатысты қызық дерек келтірген.
Бұйдаш хан ашқан соғыс Мәуренаһр тұрғындарын әбірге салып, үрей туғызады. Өйткені, олар жасанып келген жауға қарсы тұруға шамалары келмейтінін жақсы түсінген.
«Тәспімді әкеліңдер»
Алайда, бір тылсым күш мәуренаһрлықтарды сақтап қалыпты. Лутфулла шейх – тарихта сопылық ілімді кең таратқан, мәуренаһрлықтар үшін әулие ретінде танылған рухани ұстаз. Ол соғыс басталған кезде денсаулығы сыр беріп төсек тартып қалған екен. Алайда бастарына күн туып, жан сауғалай бастаған тұрғындарды сабырға шақыру үшін көптің алдына шығады.
«Тәспімді әкеліңдер. Дұшпан мұсылман жеріне кірмесін, жеңіліске ұшырасын деп алдарына кедергі қоямын», – деп жар салады.
Бұдан соң, шейх үш күн бойы дұға оқып, тәспі аударумен болыпты.
Майдан даласынан келген хабар
Сол кезде майдан даласынан тосын хабар келеді.
Сөйтсе, бастапқыда қазақ әскері қарсылаушы мәуренаһрлықтарды қоғадай жапырады. Шайбанидтер әскері жан сауғалап қаша бастайды. Алайда, күтпеген жерден қатты шаңды дауыл тұрып, қазақ сарбаздарын бет қаратпай ұшыра жөнелген. Мұны көріп, қашып бара жатқан әскер кері бұрылған. Артынша шаңды дауыл туталақайы шығарған қазақтарға лап береді. Осы ұрыс кезінде Бұйдаш хан мен 20 қазақ сұлтаны қаза тапқан.
Лутфулла шейхтің жылнамашысы «әулиенің дұғасы мен аударған тәспісінің арқасында жеңіске жеттік» деп көрсеткен.
Бигелдиновтің дұғасы
Тарихта мұндай тылсым оқиғалар аз емес. Кеңес одағының 2 дүркін батыры, Авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов те дұғасыз ұшаққа отырмаған екен. Ол механик парашют кигізіп жатқанда өзі жатқа білетін арабша дұғаны ұдайы оқыған.
«Дұғамды оқып аламын. Бітті. Маған оқ тимейді. 305 рет соны (дұға) оқыдым. Соның құдіреті болды. Аман қалдым. Бір ұшақты да жоғалтпадым», – деген еді Талғат Бигелдинов.
Сондай-ақ жауынгер Шавкат Рахмонов әр жекпе-жекте қолын жайып дұға ететіні жайында жазған едік.