Жаңалықтар

Халықаралық құқық күйреп, өздерін заңнан жоғары қоятын күштер пайда болды – Тоқаев

Тоқаев халықарылық құқық негіздері біртіндіп күйреп жатқанын айтты / Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық құқықтың негіздері біртіндеп күйреп, өздерін заң талаптарынан жоғары қоятын күштер пайда болғанын айтты. Бұл туралы президент Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі штаб-пәтерінің ашылу рәсімінде айтқан.

Тоқаев геосаяси шиеленістің өршіп бара жатқанына тоқталып, көпжақтылық қағидаттарының әлсіреп, өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа едәуір қауіп төнгенін тілге тиек етті.

«Әлем бұрын-соңды болмаған күрделі үдерістермен бетпе-бет келіп отыр. Оны байыппен зерделеп, терең түсіну қажет. Шын мәнінде, халықаралық құқықтың негіздері біртіндеп күйреп, өздерін заң талаптарынан жоғары қоятын күштер пайда бола бастады. Мұндай жағдайда барлық елдің халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысы қағидаттарын қатаң сақтап, ортақ нормаларды біржақты тәпсірлемеуі маңызды, – деді ол.

Ал Қазақстанда заң мен тәртіп мызғымас қағидатқа айналатынын атап өтіп, елде сол мақсатта ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізіліп жатқанына назар аударды.

«Менің Президент ретіндегі ұстанымым – елімізде заң мен тәртіп мызғымас қағидатқа айналуға тиіс. Жүргізілген реформалар нәтижесінде бейбіт жиналыстар туралы заң жетілдіріліп, саяси партияларды тіркеу шегі төмендетілді. Жала жабуды қылмыс санатынан шығарып, өлім жазасын алып тастадық. Аталған шаралар еліміздің демократия құндылықтарына, заң үстемдігіне әрдайым бейіл екенін көрсетеді», – деді президент.

Еске сала кетсек, президент жүргізілген саяси және экономикалық реформалар нәтижесінде ел экономикасы тұрақталғанын, жаһандық сын-қатерлерге қарамастан ел экономикасы 5,1%-ға өскенін айтқан болатын.