Жаңалықтар

Алкоголь, темекі, сусын бағасын 50%-ға дейін көтеру керек — ДДҰ

ДДҰ темекі, алкаголь бағасын қымбаттатуды ұсынды / Коллаж: kursiv.media архиві

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тәтті сусындар алкоголь және темекі өнімдерінің бағасын 2035 жылға дейін 50%-ға көтеруге шақырды. Осы шешімнің арқасында қант диабеті, жүрек аурулары мен қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімді азайтуға болады деп санайды.  

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) жаңа бастамасы «3-ке 35» деп аталады. Ол темекі, алкоголь және тәтті сусындармен күресуге бағытталған.

Бұл 10 жылдық бағдарламаның мақсаты — диабеттен, жүрек ауруларынан және онкологиялық сырқаттардан болатын өлім-жітімді азайту, сондай-ақ денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды арттыру.

ДДҰ-ның жақында жариялаған есебінде айтылғандай, бұл өнімдерге бағаны бір реттік 50%-ға көтеру алдағы 50 жыл ішінде 50 млн мезгілсіз өлімнің алдын алуы мүмкін.

«Денсаулық үшін салынатын салықтар — біздің қолымыздағы ең тиімді құралдардың бірі. Олар зиянды өнімдерді тұтынуды азайтып, үкіметке денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларына қайта инвестициялауға мүмкіндік береді. Енді әрекет ететін уақыт келді», — делінген ұйымның мәлімдемесінде.

Аталмыш бастаманың  мақсаты – алдағы 10 жыл ішінде 1 трн доллар қаражат жинау. 2012–2022 жылдар аралығында әлемнің 140-қа жуық елі темекі өнімдеріне салықты арттырған. Бұл шылым бағасының 50%-дан астам өсуіне алып келді.

Бұған дейін Дүниежүзілік банк Қазақстанға халық денсаулығын жақсарту мақсатында құрамында қанты бар сусындарға акциз енгізуді ұсынған еді, өйткені елде әрбір төртінші бала семіздікке немесе артық салмаққа шалдыққан.

Айта кетейік, адамның өмір жасын ұзартатын тағам түрлері анықталды. Бұл  әсіресе 40 пен 80 жас арасындағыларға таптырмас кеңес болып отыр. Норвегиядағы Берген университетінің ғалымдары кез келген жаста өмір жасын ұзартуға болатынын дәлелдеп отыр.