Жаңалықтар

Астана күні: әскерилер су үстінде концерт көрсетті

Астана күніне орай әскерилер Есіл өзенінде өнер көрсетті.
Әскерилер Есіл өзенінде концерт көрсетті / Фото: Астана әкімдігі

Астана күніне орай әскерилер Есіл өзенінде өнер көрсетті. Астана әкімдігінің хабарлауынша, XI «Әскери керней» әскери-музыкалық фестивалі аясында Ұлттық ұланның әскери музыканттары алғаш рет өз өнерін Есіл өзенінде жүзіп жүрген өзен трамвайының бортында көрсеткен.

Өзен бойымен қозғалған кемеде Ұлттық ұлан оркестрі патриоттық марштар, заманауи және халықтық шығармаларын орындаған. Оркестрдің дирижері бұл концерттің музыканттар үшін жаңа тәжірибе болғанын айтты.

«Бұл қойылым форматы музыканттар, көрермендер үшін де тың формат болды. Біз елордалықтарға жарқын эмоция сыйлағымыз келді. Бұл концертті көрермендер ұзақ уақыт есте сақтайтынына сенімдінін», – деді оркестр дирижері.

Бұдан бөлек, фестиваль аясында «Ғашықтар», «Жерұйық» және «Жетісу» саябақтарында Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрі, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың ансамблі, ҰҚК Шекара қызметінің ансамблі және басқа да әскери-музыкалық ұжымдар өнер көрсеткен.

Фестивальдің гала-концерті 6 шілде күні «Қазақ елі» алаңында өтеді.

Айта кетейік, Астана күніне орай қалада 100-ден астам мерекелік шара ұйымдастырылады.