
Жамбыл облысында жер сілкінісінен кейін жедел штаб ашылған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан ТЖМ командалық орталығы және Жамбыл облысының ТЖД базасында жедел штаб құрылды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Ал жер сілкінісінен зардап шеккендер болса, көмек көрсету үшін жедел желі іске қосылған.
Сонымен бірге министрдіктің командалық орталығының жедел штабында вице-министрі Батырбек Әбдішевтің төрағалығымен жиын өткізіліп, өңірдегі жағдай талқыланған.
«ҚР ТЖМ күштері мен құралдары ден қоюға толық дайын. Қираулар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. ТЖМ мониторингті жалғастыруда және өңірмен тұрақты байланыста», – деп хабарлайды министрлік.
Осы орайда, құтқарушылар азаматтарды сабырлық сақтауға шақырып, тек ресми мәліметтерге сенуге шақырды.
Айта кетсек, бүгін 8 шілде күні, Жамбыл облысында сағат 14:30-да жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің қуаты кейбір елді мекендерде 6-балға дейін жеткен.