Банк пен қаржы

Трамп мыс импортына 50% баж салығын енгізді

АҚШ мыс импортына 50% баж салығын белгіледі /Ivan Alvarado
АҚШ мыс импортына 50% баж салығын белгіледі /Ivan Alvarado

АҚШ президенті Дональд Трамп 9 шілде күні кешке мыс импортына 50% баж салығын енгізетінін жариялады. Салықтың бұл түрі 2025 жылғы 1 тамыздан бастап күшіне енеді.

Құрама Штаттар билігі осылайша елдің тау-кен саласындағы үстемдігін нығайтуды көздейді.

Трамптың мәлімдеуінше, мыс металы сым, ұшақ, кеме, қару-жарақ, аккумулятор, радар жүйесі, әуе қорғанысы жүйесі және гипердыбыс қаруын өндіруге қажет.

«Мыс – Қорғаныс министрлігі үшін қажетті материалдар дайындауға керек екінші металл. Біздің ақымақ «басшылар» осы саланы неге кенжелетіп тастады? 50% тариф Байден әкімшілігінің ақылға қонымсыз шешімдерінің күшін жояды. Америка қайтадан мыс өндірісінде басымдыққа ие болады. Бұл біздің алтын ғасырымыз!», – деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіне.

Ол мысқа баж салығын енгізетінін 8 шілдеде де айтқан. Содан кейін Нью-Йорктегі Comex биржасында мыс бағасы 17%-ға көтерілген. Тариф ресми түрде жарияланғаннан кейін мыс құны тағы 2,4%-ға өсіп, оның әр фунты 5,6 долларға жетті.

Bloomberg мәліметінше, АҚШ қазір Чили, Канада және Мексикадан импортталатын мысқа тәуелді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Трамп Қазақстан тауарларына 25% баж салығын енгізетінін мәлімдеген. Құрама Штаттар басшысы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында тариф 2025 жылғы 1 тамыздан бастап күшіне енетінін жазған.

Сейсенбі, 8 шілдеде ҚР Сауда және интеграция министрлігі осы мәселеге қатысты мәлімдеме таратып, Трамп салығы қазақ экспортының шамамен 95 пайызына әсер етпейтінін ескерткен. Сол күні АҚШ президенті баж салығына қатысты дедлайн 1 тамыздан кейін ұзармайтынын тағы мәлімдеген.