
Әлеуметтік желілерде 240 мың теңге немесе 40 мың сомға өткізілген үйлену тойы қызу талқыланып жатыр. Қырғыз жұбы суретке, киімге және той дастарханына осыншама ақша жұмсаған.
«Өзіміз армандаған үйлену тойын екеуміз ғана ұйымдастырдық. Шамамен 40 мың сом жұмсадық. Иә, иә. Шынымен. Ақша суретке, үстелдер жалдауға, смокингке, қалыңдық киімін тіктіруге, фуршетке және басқа да ұсақ-түйекке төленді», – деп жазды Threads әлеуметтік желісіне ataeva_aiperi нигімен тіркелген қолданушы.
Айпері Атаева даңғаза мен астатөк тойды ұнатпайтынын жасырмады. Сол себепті жас жұбайлардың табиғат аясындағы некелесу рәсіміне 15 адам ғана қатысты.

Қалыңдықтың әлеуметтік желідегі шағын жазбасына 5 мыңнан аса адам like қойып, 500-ден аса пікір қалдырды. Көпшілік қарызсыз, кредитсіз үйлену тойын құптады.
Естеріңізге сала кетейік, эстрада әншісі Сәкен Майғазиев ұлының үйлену тойында тікелей эфирді мыңдаған адамға сатқан. Онлайн трансляцияға тіркелу құны 1380 теңге болған.
Жақында Amazon компаниясының басшысы Джефф Безос пен журналист Лорен Санчес үйлену тойына 56 млн доллар жұмсаған. Медиа «ғасыр тойына» балаған салтанатты кеш Венецияда өткен. Миллиардер тойы үш күнге созылған. Оған әлем жұлдыздары, танымал саясаткерлер мен кәсіпкерлер барған. Сол күні Венеция әуежайына 90 жекеменшік ұшақ қонған.