Жаңалықтар

Алматыда көгалдандыру және абаттандыру бойынша бірыңғай орталық құрылады

Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда көгалдандыру және абаттандыру бойынша бірыңғай орталық құрылады. Қала әкімі Дархан Сатыбалды осындай тапсырма берді деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметінен.

«Бұл құрылым тек көгалдандыру мен абаттандыруға, қалада жайлы орта құруға жауапты болуға тиіс. Олар өздері жергілікті жерлерге шығып, жағдайды жақсартуға болатын аумақтарды анықтауы қажет», — деді Дархан Сатыбалды.

Әкімдік мәліметінше, қалада 16 мыңнан астам қураған және апатты жағдайдағы ағаш анықталған, олардың 5 мыңнан астамы кесілді.

Қыркүйек–қазанда 53 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Оның ішінде 9 300 үлкен ағаш болады. Сонымен қатар, 22 мыңнан астам ағашты өтем ретінде отырғызу, сондай-ақ 356 мың бұтадан тұратын жасыл аймақтар құру көзделген .

Бірақ басты мәселенің бірі ретінде автоматты суару жүйелерінің жұмысқа жарамдылығы болып отыр. Мониторинг барысында 56 учаскеде ақаулар анықталған. Соның бірі – Тұңғыш Президент саябағы. Қазіргі уақытта қолданыстағы автоматты суару жүйесі тек жартылай жұмыс істеп тұр, сондықтан оны толық жаңғырту қажет

Еске салайық, аула мен көшелерін абаттандыру үшін «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы жұмыс істейді. Алматылықтар жобаларын 9-25 қыркүйек аралығында ұсына алады.