Авто

Volkswagen Қытайдағы зауытын жабады

Фото: vercity.ru

Неміс автоконцерні Volkswagen Қытайдың Нанкин қаласындағы зауытын жабады. Ал кәсіпорын орналасқан жер Нанкин әкімдігіне қайтарылады. Volkswagen өкілі Reuters агенттігіне зауыттың жылдың екінші жартысында толық жабылатынын растады.

Аталған кәсіпорын 2008 жылы ашылған және Volkswagen мен Қытайдың SAIC компаниясының бірлескен жобасы болған. Жылына 360 мың көлік шығаруға қауқарлы еді. Бірақ соңғы уақытта зауыт тек Passat пен Skoda Superb модельдерін шығарып, толық қуатында жұмыс істемеген.

Қытай Volkswagen үшін аса маңызды нарық, себебі компания өнімдерінің шамамен 30%-ы осы елге тиесілі. Бірақ кәсіпорын жабуына ресми себеп – логистикалық қиындықтар. Зауыт қала орталығына жақын орналасқан, оны қайта құру тым қымбатқа түседі. Сондықтан өндіріс көршілес Ичжэнь қаласындағы зауытқа көшіріледі.

Қытайдағы зауытын жапқанымен автоалпауыт көліктерін Өзбекстанда шығара бастайды. Неміс компаниясы Alyans Auto-мен бірлесіп автокөлік өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр.