Жаңалықтар

АЭС құрылысы 7 жылға созылуы мүмкін

АЭС құрылысы қанша жылға созылады / Фото: kursiv.mediа, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда атом электр станциясының (АЭС) құрылысы кем дегенде екі жылдан кейін басталады. Үкімет станцияны 5 жыл ішінде салып бітіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Тимур Жантикин Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Оның айтуынша, алдымен шамамен бір жыл ішінде төрт шетелдік вендордың (технология ұсынушылардың) коммерциялық ұсыныстары бағаланады. Одан кейін тағы бір жыл станцияның қауіпсіздігі, экологияға әсері және басқа да техникалық аспектілері бойынша құжаттар дайындалады.

Құжаттар толық әзір болғаннан кейін ғана құрылыс жұмыстары басталады. Жантикиннің айтуынша, құрылыс кезеңі шамамен бес жылға созылады. Осылайша, АЭС жобасын жүзеге асыруға жалпы жеті жыл кетуі мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін агенттік мамандары АЭС-ті жобалау, салу және іске қосу мерзімін 10–12 жыл деп болжаған болатын. АЭС құрылысына кемі 14 млрд АҚШ доллары қажет. Қазір Қазақстан мен Ресей АЭС жөніндегі жол картасына қол қойған.