Жаңалықтар

«Челси» клубтар арасындағы әлем чемпионы атанды

Челси чемпион
«Челси» клубтар арасындағы әлем чемпионы атанды / фото: ашық дереккөз

АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласындағы әйгілі «MetLife Stadium» аренасында өткен клубтар арасындағы 2025 жылғы әлем чемпионатының финалында ағылшынның «Челси» клубы күтпеген сенсация жасап, Францияның ПСЖ командасын 3:0 есебімен ойсырата жеңді.

Матч барысы толықтай «Челси»-дің пайдасына өрбіді. Лондондық клуб сапынан Коул Палмер дубль авторы атанды. Қарсылас қақпасына 22-ші және 30-шы минуттарда гол соқты. Ал 43-минутта Жоау Педро есепті 3:0-ге жеткізіп, ойын тағдырын біржола шешті.

Бұл матч алдында ПСЖ фаворит еді. Алайда париждік клуб финалда өз ойынын көрсете алмай, жеңілістің кермек дәмін татты.

Жеңіске жеткені үшін «Челси» 40 млн доллар көлемінде жүлде ақшасына ие болды. Бұған дейінгі кезеңдерде жинаған табыстарымен қоса есептегенде, клуб жалпы 115,6 млн доллар пайда тапты.

Еске сала кетейік, әлем чемпиондары атанған «Челси» футбол клубы былтыр Алматының орталық стадионында «Астанаға» қарсы ойнаған еді. Сондай-ақ, «Қайрат» футбол мектебінің түлегі Дастан Сәтбаев 18 жасқа толғаннан кейін «Челси» сапында доп тебеді.