
Kaspi Bank 2024 жылы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде 620 миллион теңге аударған. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, бұл қаражатты «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорының жетекшісі Перизат Қайрат иемденген. Енді банк бұл қаражатты сот арқылы өндіріп алмақ.
Kaspi Bank заңгері Айдар Кісенбаевтың айтуынша, 2024 жылдың 5 сәуірінде Перизат Қайрат банкке 120 миллион теңге бөлу туралы өтініш хат жолдаған. Ал 8 сәуірде екінші рет хат жолдап, тағы 500 миллион теңге сұраған. Банк жалпы сомасы 620 миллион теңгені қор есепшотына аударған.
2024 жылдың 1 шілдесінде «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры атынан Перизат Қайрат қол қойған алғыс хат келген. Жанында қаражаттың қайда жұмсалғаны көрсетілген есеп те болған. Құжатта 424 146 296 теңге қайық, генератор, жөргекке жұмсалғаны көрсетілген. Қалған ақша азық-түлік пен өзге де қажеттіліктерге бағытталған делінген.
«Қазір осы қордың басшысының қаражатты иемденіп алғаны белгілі болды. Kaspi Bank-ке 620 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келді», – деп мәлімдеді Kaspi Bank заңгері.
Айта кетейік, 14 шілдеде Астана сотында Перизат Қайратқа қатысты іс бойынша айыптау актісі оқылды. Алайда ол өзіне тағылған айыпты мойындамай, айыптау актісін тергеушілердің қиялынан туған деп атады.
2025 жылдың 16 шілдесіндегі сот отырысында The Akan Building компаниясының су тасқыны кезінде 689 983 теңге бөлгені, зейнеткер Әмина Аймағанбетованың 1 миллион теңге аударғаны белгілі болды.
Одан бөлек Астанадағы физика-математика бағытындағы НЗМ ата-аналары су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында ақша жинағаны айтылды. Жалпы сомасы 901 855 теңге аударған.
Бетон конструкцияларын өндірумен айналысатын «Стройконструкция» компаниясы соттан 200 млн теңгені өндіріп беруді сұрады.
«2024 жылдың наурызында Қазақстан су тасқыны басталды. Соңғы 10 жылда мұндай жағдай болмаған. Басшымыз президенттің үндеуін тыңдады. Мемлекет басшысы ірі бизнес өкілдерін зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуге шақырды. Осы үндеуден кейін, біздің басшымыз «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық қорына қаражат аудару туралы шешім қабылдады», – дейді компания өкілі.