
«Өскемен әуежайы » АҚ басшылығы қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды, бес жыл бойы мекеме мүлкін талан-таражға салынды деп айыпталды. Қазір тергеу аяқталып, күдіктілер қамауға алынды деп хабарлады Қаржы мониторинг агенттігінен.
Құзырлы органдардың мәліметінше, бес жыл бойы әуежайдың бұрынғы президенті мен басқа да лауазымды тұлғалар еңбекақыны негізсіз көбейткен. Жалған сыйақы мен жалған шарт жасап ақша жымқырған.
«Жымқырылған қаражат кейін касса арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Қоғамға тиесілі көлік құралдары бухгалтерлік есептен шығарылып, нарықтағы құнынан бірнеше есе төмен бағамен сенімді тұлғаларға сатылған. Әуежай маңындағы коммерциялық нысандары жеңілдетілген шарттармен жалға берілген, яғни, жалдау ақысы төмендетіліп, нақты жалға берілген аумақ азайтылып көрсетілген.», – деп хабарлайды агенттіктен.
Нәтижесінде мемлекетке 157 млн теңге залал келді. Сот санкциясымен күдіктілердің 126 млн теңге көлеміндегі мүлкіне (4 пәтер, жер учаскесі және 2 автокөлік) тыйым салынды.
Бұған дейін Қызылордада облыстық аурухана есепшісінің осындай алаяқтық жасады деген күдікпен істі болғанын жазған едік. Ресми мәліметке сүйенсек, ол жалған шарт жасап, ауруханаға керек керуеттерді үш есе қымбат бағамен сатып алып отырған. Нәтижесінде мемлекетке 129 млн теңге көлемінде шығын келді.