
«Ақ жол» партиясы Астанадағы «Big Шанхай» базарында болған өртке байланысты премьер-министр мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасына хат жолдады. Оның ішінде несие мен салықтар бойынша пайызсыз кейінге шегеру, жеңілдетілген қаржыландыру және төлем қабілеті қалпына келгенге дейін басқа сауда орындарынан орын беру мәселесін қарастыруды ұсынған. Бұл туралы депутат Азат Перуашев хабарлады.
Айтуынша, Сауда кәсіпорындары қауымдастығы мен өрттен зардап шеккен кәсіпкерлер «Ақ жол» партиясына жүгінген.
«Көптеген кәсіпкер үшін бұл базар негізгі, тіпті жалғыз табыс көзі болған. Зардап шеккендердің басым бөлігі – шағын және микробизнес. Олардың көпшілігінде несиеcі бар, ал кейбірінің жалғыз баспанасы кепілге қойылған. Осыны ескеріп, «Від Шанхай» базарындағы өртті «форс-мажор жағдай» деп тану қажет деп санаймыз», – делінген хатта.
Осылайша партия зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетуді сұраған.
Несие төлеуге қатысты ұсынысында екінші деңгейлі банктер мен өзге де қаржы ұйымдарына өрт салдарынан мүлкі мен бизнесі зардап шеккен барлық кәсіпкерге кемінде 6 ай мерзімге несие бойынша негізгі қарыз бен пайыздарды есептеуді тоқтату;
Бизнесті қалпына келтіргенге немесе өтемақы алғанға дейін кепілдегі мүлікті өндіріп алу шараларын уақытша тоқтату.
Салық бойынша уақытша жеңілдік енгізуге қатысты мынандай ұсыныс айтқан:
1 жылға дейінгі мерзімге салықтар мен әлеуметтік төлемдерден босату, сондай-ақ айыппұл мен өсімпұлды есептеуді тоқтата тұру;
Өрттен зардап шеккен заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін ҚҚС, КТС және басқа да салықтар бойынша міндеттемелерді қайта қарау.
Ипотекалық міндеттемелер бойынша жеңілдіктерді қарастыруды ұсынған. Оның ішінде екінші деңгейлі банктерге өрт салдарынан зардап шеккен азаматтарға 6 ай мерзімге ипотекалық қарыз бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды;
Сол мерзім ішінде мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын тоқтатуды ұсыну.
Соңғысы – материалдық және инфрақұрылымдық қолдау көрсету. «Ақ жол» партиясы бизнесті қалпына келтіру үшін мемлекеттік қайтарымсыз қолдау көрсету (субсидия немесе грант түрінде);
«Даму», «Аграрлық несие корпорациясы», «Атамекен» және басқа бағдарламалар арқылы жеңілдетілген қаржыландыруды қамтамасыз ету (тауар сатып алу, ғимаратты жалға алу, қайта құру үшін);
Базар инфрақұрылымын толық қалпына келтіргенге дейін уақытша сауда орындарын жеңілдікпен немесе тегін беруді ұсынған.
Айта кетейік, Big Шанхай» базарында болған өрт 30 113 шаршы метрге тараған.