Жаңалықтар

Журналист Мұхтар Түменбай өмірден өтті

Мұхтар Түменбай қайтыс болды/фото: shutterstock

Қазақстандық журналист Мұхтар Түменбай 55 жасында өмірден өтті. Қаралы хабарды марқмұның әріптестері жеткізді.

Qazaqstan ұлттық телеарнасы әріптесінің отбасы мен жақындарына ортақтасып, көңіл айтты.

Ол 1970 жылы 11 тамызда дүниеге келген. Еңбек жолында бірқатар басылым мен республикалық телеарналарда жұмыс істеді.

«Qazaqstan» телеарнасының көрермендеріне «Апта» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі ретінде танылған. Арна эфирінен шыққан соғыс қаһармандарына арналған «Мәншүк. Әкеге араша түскен қыз», «Төрт қайсар», «Әлия. Ерлік алгоритмі» деректі фильмдерінің авторы.

Мәдениет және ақпарат министрлігі де Мұхтар Түменбайдың дүниеден озуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына, барша әріптестеріне көңіл айтты.

«Мұхтар Жақсылықұлы өзінің шығармашылығы мен азаматтық ұстанымымен ел есінде қалған тұлға еді. Ол қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосып, талай маңызды бағдарламалар мен деректі фильмдердің авторы атанды. Әсіресе, «Апта» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы арқылы елдегі маңызды оқиғаларға терең талдау жасап, көрерменнің құрметіне бөленді», – делінген көңіл айту хатында.

Айта кетейік, 22 мамырда журналист Диас Ахметшәріп өмірден озды.