
Тараз ауруханасы екі дәрігерден 9,6 млн теңге өндіріп алмақ болды. Қалалық көпсалалы аурухана Тараз қалалық сотына жүгініп, жеті жыл бойы төленген жалақыны өндіріп алу туралы талап арыз қойған.
Мекеме сотқа 2017-2023 жылдары төлемдердің негізсіз жүргізілгенін анықтаған аудит қорытындысы негізінде жүгінген.
«Дәрігерлер әр жылдың басында аурухана бас дәрігерінің бұйрығымен жалақы мөлшері белгіленетінін және аталған сомаларды есептеу мен төлеуде олардың кінәсінің жоқ екені туралы айтты. Оны еңбегі үшін сыйақы деп санай отырып, дәрігерлер ол соманың бұрын жұмсалғанын айтты», – делінген ақпаратта.
Сот дәрігерлердің ауруханада жұмыс істейтінін және оларға заңды түрде жалақы төленгенін анықтады.
Талап қоюшы жауапкерлердің кінәсі туралы айтып, аудиторлық бұйрықты және бюджет заңнамасын бұзуды алға тартқан.
Сот аурухананың талабы негізсіз деп тапты және дәрігерлерге төленген сома қайтарылмайтын жалақыға кіреді деп есептеді.
Шешім заңды күшіне енді.