Жаңалықтар

Миллиардер Өтемұратов ForteBank акцияларын сатып алып жатыр

Өтемұратовтың иелігіндегі акциялар 91,1 пайызға жетті / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

ForteBank-тің негізгі акционері Болат Өтемұратов жыл басынан бері өз үлесін 90,91%-дан 91,1%-ға дейін арттырды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтындағы ақпаратта жазылған.

Buyback науқанының нәтижесі

Сәуір айында ForteBank 1,934 млрд қарапайым акцияны 6,16 теңгеден сатып алатынын жариялады. Бұл – банк орналастырған қарапайым акциялардың 2%-ына тең. Нәтижесінде Өтемұратов 1,772 млрд қарапайым акциясын иеленді. Buyback кезінде шамамен 11 млрд теңге жұмсалған.

Ал 27 маусымда ForteBank Home Credit Bank (Қазақстан) банкін сатып алу жөнінде келісімге келгенін хабарлағаннан кейін, акциялары күрт қымбаттады. Шілденің басында компания акңцилары 4 есе қымбаттап, 7-8 теңгеден 36 теңгеге дейін жетті. Сол кезде Өтемұратовтың дәулеті 4 млрд долларға жеткені хабарланды.

Акционерлік құрылым

2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, ForteBank-тің жарияланған қарапайым акцияларының жалпы саны – 150 млрд дана. Оның ішінде 92,39 млрд акция орналастырылған. Өтемұратоы 84 млрд-тан астам акцияға иелік етеді, бұл орналастырылған акциялардың 90,92%-ын немесе бүкіл қарапайым акциялардың 91,1%-ын құрайды.

ForteBank акцияларын шоғырландыру процесі мұнымен тоқтамайтын тәрізді. Банк жақында акцияларды кері сатып алу бағасын анықтау әдістемесіне өзгерістер енгізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Home Credit Bank мәмілесі

Маусым айының соңында ForteBank Home Credit Bank-ті сатып алатынын хабарлады. Қаржы нарығын реттеуші мекеме мақұлдаған соң кейін мәміле аяқталуға тиіс. Home Credit Bank-тің иелері – халықаралық PPF тобының топ-менеджері Иржи Шмейц (34,7%), топтың өзі (9,9%) және басқа да қызметкерлері.

PPF тобының қожайыны – Чехиядағы ең бай әйел саналатын Рената Келлнерова мен оның отбасы. Оның байлығы 19 млрд долларға бағаланады. Топтың бұрынғы иесі Петр Келлнер 2021 жылы тікұшақ апатында қаза тапқан.