
Алматыда Қытайдан контрабандалық тауар әкелген кәсіпкерлер сотталды. Олар мемлекетке 10 млрд теңге шамасында залал келтірген.
Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, «Group of the Companies TDA» ЖШС уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие бола тұра, Қытайдан 100-ден астам контейнерді заңсыз жолмен елге кіргізген. Сонымен қатар, олардың бақылауындағы 10 ЖШС арқылы жалған шот-фактуралар жасап келген.
Мемлекетке келтірілген залал (қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы және кедендік төлемдер бойынша) 10 млрд теңгені құрады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында мемлекет бюджетіне 643 млн теңге өндіріп алынды. Сот санкциясымен: жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын тауарларға, күдіктілерге тиесілі 300 млн теңге сомасындағы мүлікке (жер телімдері, автокөліктер, багги көліктері, жылжымалы шатырлар және т.б.) шектеу қойылды,- делінген хабарламада.
Бұған қоса аталған компаниямен байланыста болған 47 серіктес кәсіпорын өз еркімен өзара есеп айырысуды тоқтатып, бюджетке 240 млн теңге салық төлеген.
Алматы қаласының Алмалы аудандық сотының үкімімен кінәлі тұлғаларға мүлкі тәркілене отырып, 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Kompra деректеріне сәйкес, group of the Companies TDA құрылтайшылары Әнипа Назарбаева (Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әпкесі) және Әли Қлышпаев болып табылады. Ол сонымен қатар компанияның бірінші басшысы қызметін атқарады.
Осыған дейін агенттік «ҚазМұнайГаз» атын жамылып 1 млрд теңге тапқандар анықтаған болатын. Алаяқтық схема азаматтардың сенімін теріс пайдалану арқылы құрылған.