
Шымкенттегі автосалондардың бірі ақауы бар жаңа көлікті сатып жіберген. Тұтынушының құқығын қорғауға билік араласты. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлайды.
2025 жылғы мамыр айында Түркістан облысының тұрғыны Шымкент қаласындағы автосалоннан кепілдігімен жаңа қытай көлігін сатып алады. Алайда алғашқы күннен бастап көліктің трансмиссия мен басқару электроникасы жүйесінде ақау пайда бола бастайды. Көлік бірнеше мәрте жөндеуге тапсырылса да, мәселе толық шешілмей, ақау қайталанып отырған.
Автосалонға ресми шағым жіберіп, көлікті жаңасына ауыстыруды немесе ақшаны қайтаруды талап еткен тұтынушы нақты жауап ала алмаған. Содан кейін ғана ол Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінеді.
Мекеме қызметкерлері «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңына сай шара қабылдап, жағдайды жан-жақты тексереді. Қорытындысында тұтынушының талабы қанағаттандырылып, оның құқығы толықтай қорғалды.
«Бұл оқиға — құқықтық тетіктерді дұрыс қолдана білудің және уақтылы арызданудың тиімді үлгісі», – деп жазды сауда министрлігі.
Тұтынушылар құқығын қорғау мекемесі азаматтарға қандай да бір тауар немесе қызмет сапасына күмән туындаған жағдайда, заңмен белгіленген тәртіппен тиісті орындарға жүгінуге кеңес берді.