Жаңалықтар

Qarmet-тің инвестициялық жобаларына қанша қаражат қажет

Qarmet кәсіпорынын дамыту үшін инвестиция тартылады / Коллаж: kursiv.media архиві  

Qarmet кәсіпорынын жаңғыртуға 3,5 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылады.  Соның арқасында  болат өндірісін 5 млн тоннаға ұлғайтуға, көмір химиясын дамытуға және 2028 жылға қарай зиянды шығарындыларды 20 %-ға азайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков мәлімдеді.

Вице-министр шығарылатын өнімнің түрін кеңейту және сапасын арттыру мақсатында отандық өндірушілермен кооперациялық ынтымақтастық дамып келе жатқанын айтады.

«Qarmet мырыш болатынан автобус корпусының қаптамалары мен ыстық прокаттан рама тораптары жасалуда. Суық прокаттан тұрмыстық техника корпустары шығарылып жатыр»,– деді вице-министр.  

Олжас Сапарбековтың айтуынша,  биыл Qarmet жазық прокатынан әртүрлі диаметрдегі
тік тігісті құбырлар өндірісін іске қоспақшы.  

 «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту кешені» базасындағы ыстықтай брикеттелген темір өндіру жобасы домна өндіріс процесін алмастырып, темір құрамы 90%-дан асатын өнімді алуға мүмкіндік береді. Жобаның қуаты 2 млн тонна және инвестиция көлемі 1 млрд долларға жетеді» ,– деді ол.

Еске салсақ, осыған дейін Qarmet компаниясы халықаралық капитал нарығына шығу стратегиясы аясында Сингапур қаласында кеңсесін ашатынын мәлімдеген еді.

2023 жылы ArcelorMittal-дан активтерді алған соң, Qarmet компаниясын Qazaqstan Steel Group басқара бастады. Сол сәтте компания елеулі қаржылық қиындықтармен бетпе-бет келген болатын. Алайда «Қалпына келтіру жоспарының» сәтті іске асуының арқасында бүгінгі күні Qarmet тұрақты өсімді көрсете бастады.

S&P Global деректеріне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында болат өндірісі – 30%-ға өскен. Ал өнім жөнелту көлемі – 23%-ға артқан.

Металлургия нарығындағы жағдайға қарамастан, компания қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар, компанияның ішкі дамуы үшін Qarmet Қытай банктерінен 1,3 млрд доллар қарыз алатыны хабарланған.