Жаңалықтар

Түркия азаматтары Қазақстанда 90 күн визасыз жүре алады

Түркия азаматтары Қазақстанда үш ай визасыз жүре алады / фото: shutterstock
Түркия азаматтары Қазақстанда үш ай визасыз жүре алады / фото: shutterstock

Енді Түркия азаматтары Қазақстан аумағында 90 күн бойы визасыз жүре алады. Үкіметтің көші-қон туралы жарлығын өзгертуді көздейтін құжат жобасы НҚА порталында жарияланды.

Құжатқа сәйкес, түрік азаматтары республика аумағында үш ай бойы визасыз жүре алады. Бірақ мұндай тәртіп 180 күндік кезеңде бір мәрте қолданылады.

«Жобаны қабылдау мақсаты – Түркиямен тығыз ынтымақтастық орнату, сонымен бірге Қазақстанда қолайлы инвестициялық және туристік климат құру, экономикалық дипломатияны жандандыру», – деп жазылған құжат жобасында.

Бұған қоса, Иран, Қытай және Үндістан азаматтарына 14 күн, сонымен бірге жарты жылда 42 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат беріледі.

Тағы 60 елдің, оның ішінде АҚШ, Жапония, Германия, Оңтүстік Корея және БАӘ, азаматтары Қазақстан аумағында 30 күн визасыз жүре алады. Олар жарты жылда 90 күнге дейін визасыз келуге рұқсат алады.

Ішкі істер министрлігі дайындаған заң жобасын 28 шілдеге дейін талқылауға болады.

Қазақстанға сапар виза тәртібіне сай келмесе, алдын ала виза туырлау қажет.