
Ішкі істер министрлігі адам саудасына қатысы бар қылмыстық топтардың қызметін тоқтатты.
Астана қаласы және Солтүстік Қазақстан облысының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметі мен прокуратура бірлескен жедел іс-шара өткізді. Нәтижесінде ел аумағында адам саудасына байланысты қылмыстарға қатысы бар екі қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.
Олар интернет-ресурстарды пайдаланып, жыныстық қанауға қатысты заңсыз қызмет түрлерін жарнамалап, жүргізіп отырған. Олардың әрекеті ұйымдасқан сипатқа ие болып, миллиардтаған пайда табуға әкелген.
Алдын ала деректер бойынша қылмыстық топтың күнделікті табысы 1,5 млн теңгеге дейін жеткен. Ал 2024 жылдың басынан бері қаржы айналымы 1,7 млрд теңгеден асады.
«Бұл қылмыстық желінің ауқымын және ұйымдасқан деңгейін көрсетеді. Жүргізілген тінту барысында ақша, банк карталары, автокөліктер, компьютерлер, ұялы телефондар және басқа да цифрлық ақпарат тасымалдағыштар тәркіленді. Негізгі фигуранттар мен олардың сыбайластарына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», – делінген ақпаратта.
Бұл фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің адам саудасы мен ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған қатысу баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Тағылған айып бойынша 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі жаза қарастырылған.